Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда полиция электросамокаттарға қатысты жаңа талаптарды түсіндірді

Павлодарда полиция электросамокаттарға қатысты жаңа талаптарды түсіндірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жазғы демалыс маусымының басталуына және электросамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне байланысты полиция инспекторлары қала көшелерінде тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

– 1 шілдеден бастап Қазақстанда "Жол жүрісі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Осы түзетулерге сәйкес электросамокаттар толыққанды көлік құралы мәртебесіне ие болып, оларды пайдалануға бірқатар шектеулер енгізіледі. Бұл талаптар жеке меншік және жалға берілетін (кикшеринг) электросамокат иелерінің барлығына міндетті болады, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті.

Жаңа талаптарға сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап электросамокаттардың тротуарлармен жүруіне толық тыйым салынады. Ерекше жағдайда ғана арнайы белгіленген жаяу жүргіншілер көшелеріндегі "ортақ қозғалыс аймақтарында" жүруге рұқсат беріледі. Мұндай аумақтарда қозғалыс жылдамдығы сағатына 6 шақырымнан аспауы тиіс және жаяу жүргіншілерге толық басымдық беріледі.

Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарына шығуына қатаң тыйым салынады.

Электросамокаттар үшін қозғалыс арнайы велосипед жолақтарында, веложолдарда, жолдың оң жақ шетімен бір қатарда, сондай-ақ қоғамдық көлікке арналған жолақтарда рұқсат етіледі.

Ведомство мәліметінше, егер электросамокат жүргізушісі жолдың оң жақ жиегімен қозғалатын болса, ол бірнеше талапқа сай болуы қажет. Атап айтқанда, жасы 18-ден асуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы, қорғаныс шлемін тағуы және қараңғы уақытта киімінде немесе самокатында жарық шағылыстыратын элементтердің болуы міндетті.

Бұдан бөлек, 1 шілдеден бастап барлық шерингтік электросамокаттар бірегей мемлекеттік тіркеу нөмірлерімен жабдықталуға тиіс. Нөмірлер артқы доңғалақтың үстіне және руль бағанасына орналастырылады. Ал жалға беру компаниялары кәмелетке толмағандардың және жүргізуші куәлігі жоқ азаматтардың аккаунттарын автоматты түрде бұғаттауға міндетті болады.

– Егер бала қосымшадағы шектеулерді айналып өту үшін ата-анасының аккаунтын пайдаланса, балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке ата-аналардың өздері тартылады, – деп ескертті Павлодар облысы полиция департаменті.

Полиция азаматтарды жауапкершілік танытып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Электросамокат жүргізушілері тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар күн сайын жүргізілетін болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру