Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түнгі тыныштықты бұзғандар жауапқа тартылады: елордадағы жағдай қандай?

Жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзудың 18 мыңнан астам дерегі тіркелді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Астанада қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытында профилактикалық жұмыстар күшейтілді.

Полицейлердің күнделікті рейдтері мен тұрғындардан келіп түсетін хабарламаларды зерделеу нәтижесінде жыл басынан бері тыныштықты бұзудың 18 мыңнан астам фактісі анықталып, құқық бұзушылар жауапқа тартылды.

Әсіресе, ойын-сауық орындарына, кафе-мейрамханалар мен түнгі уақытта жұмыс істейтін мекемелерге қатысты бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Тұрғындардың тыныштығын бұзу, қоғамдық орында айқайлап, қатты музыка қою және агрессивті мінез-құлық көрсету деректері бойынша полиция жедел әрекет етуде.

Мәселен, Алматы ауданында орналасқан лаундж-бардың біріне қатысты жыл басынан бері тыныштықты бұзу бойынша 89 шақырту тіркелген. Аталған нысан полицияның ерекше бақылауына алынып, мекеме әкімшілігімен бірнеше мәрте профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Соған қарамастан, кеше түнгі уақытта аталған мекемеге қатысты полицияның “102” арнасына кезекті хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері 25 жастағы азаматтың қоғамдық орында шу шығарып, азаматтардың тыныштығын бұзғанын анықтап, тиісті шара қолға алынды.

Полиция қала тұрғындары мен ойын-сауық мекемелерінің иелерін қоғамдық тәртіп талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру