Павлодарда полиция мен еріктілер жоғалған жасөспірімді іздеп тапты
Павлодарда із-түзсіз жоғалған жасөспірім Ертіс ауданынан табылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Баламды тауып беруге көмектесіңіздер!" деген өтінішпен Павлодар қаласының полициясына Павлодар облысының тұрғыны хабарласқан. Ол 9-сыныпта оқитын ұлының Павлодар қаласында өткен жарысқа қатысқанын айтқан. Жарыс аяқталғаннан кейін жасөспірім анасының келісімімен туыстарына қонаққа баруға сұранған. Алайда кейін оның жүрген жері белгісіз болған.
Жасөспірімді іздестіру жұмыстарына Павлодар облысы полиция департаментінің жеке құрамы, сондай-ақ ерікті іздестіру топтарының үйлестірушілері жұмылдырылды.
Полиция қызметкерлері бірнеше ондаған адамнан жауап алып, жасөспірімнің белгілері мен жоғалғаны туралы ақпараттарды таратты. Сонымен қатар облыстың барлық полиция бөлімдеріне және көршілес өңірлерге тиісті бағдарлар мен сұрау салулар жіберілді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер жасөспірімнің жүріп өткен бағытын анықтап, оны Ертіс ауданындағы ауылдардың бірінен тапты. Қазіргі уақытта жасөспірім ата-анасына тапсырылды.
Полиция ата-аналарға балаларымен тұрақты түрде сөйлесіп, олардың мектептегі жағдайына, оқуындағы жетістіктері мен қиындықтарына және құрдастарымен қарым-қатынасына назар аударуды ұсынады.
Отбасындағы қолайсыз психологиялық ахуал баланың тұлғалық қалыптасуына кері әсер етіп, оның үйден кетуіне себеп болуы мүмкін екенін ескерген жөн.
Бала үйден шығып, белгіленген уақытта қайтып келмеген жағдайда, уақыт жоғалтпай полицияға хабарласып, оның жоғалғаны туралы арыз беру қажет.
