Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған акция қорытындыланды

Павлодарда "Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" акциясының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар облысында 18 мамыр мен 8 маусым аралығында өткен республикалық акцияның қорытындысы шығарылды. Өңірде полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері мен мемлекеттік органдар әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қоғам назарын аудару мақсатында бірлесіп жұмыс жүргізді.

Акция аясында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелерінің қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп ондаған кездесу, дөңгелек үстел және ашық қабылдау ұйымдастырды. Іс-шаралар барысында тұрғындар заңгерлерден, психологтардан және полиция қызметкерлерінен тікелей кеңес алып, қиын жағдайларда қорғану мен көмек алудың нақты тетіктері туралы ақпаратқа қанықты.

Акцияның жарқын қорытындысы ретінде Павлодар қаласындағы Достық үйі алдында ауқымды флешмоб өтті. Оған полиция қызметкерлері, әскери қызметшілер, Аналар кеңесінің мүшелері, Жастар бастамаларын дамыту орталығының белсенділері және мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қоғамда орын жоқ екенін және отбасы қауіпсіздігі баршаға ортақ құндылық екенін жеткізді.

Ұйымдастырушылар акцияның аяқталуы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтағанын білдірмейтінін атап өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және агрессияға мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған шаралар күнделікті негізде жалғасуда.

Полиция еске салады: егер сіз немесе жақындарыңыз отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болса, үнсіз қалмаңыз. "102" арнасына немесе сенім телефондарына дер кезінде хабарласу адам өмірін сақтап қалуға сеп болуы мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру