Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодарда учаскелік инспектор зейнеткерді алаяқтан құтқарып қалды

Павлодар облысында 300 секунд ішінде әрекет еткен учаскелік инспектор зейнеткерді алаяқтардың арбауынан құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Павлодар қаласында Солтүстік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы егде жастағы тұрғынға қатысты жасалған ірі алаяқтық әрекеттің жолын кесті. Қаскөйлер әйелдің атына 3,5 млн теңге көлемінде несие рәсімдеуге әрекет жасаған.

Алаяқтық әрекеті туралы хабарлама "102" арнасына келіп түскен сәттен бастап учаскелік полиция инспекторы Дамир Мағзұмов оқиға орнына жедел аттанды. Кейін белгілі болғандай, алаяқтар өздерін банк қызметкерлері ретінде таныстырып, зейнеткер әйелді алдап, оның атына қашықтан несие рәсімдеуге тырысқан. Әйелдің қызы күмәнданып, дер кезінде полицияға хабар берген.

Мекенжайға келген полиция қызметкері жағдайды жылдам бағалап, абдырап қалған зейнеткер мен оның жақындарын сабырға шақырды. Сонымен қатар күмәнді қаржылық операцияны тоқтатуға және несие рәсімделуінің алдын алуға көмектесті.

Учаскелік инспектордың кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында алаяқтардың жоспары жүзеге аспай қалды.

Зейнеткердің қызы тәртіп сақшысына алғысын білдіріп, оның дер кезінде көрсеткен көмегінің отбасы үшін аса маңызды болғанын атап өтті.

– Алаяқтар анамның атына несие рәсімдеуге тырысты. Біз полиция шақырдық, қызметкер бес минутқа жетпейтін уақытта келді. Дамир Жүсіпұлы жағдайды бірден түсініп, бізді сабырға шақырды және нақты іс-қимыл алгоритмін түсіндірді. Соның арқасында несиеге берілген өтінім уақытылы бұғатталды. Отбасымыздың атынан шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді ол.

Полиция азаматтарды қырағы болуға шақырады. Егер белгісіз адамдар өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе медициналық мекеме қызметкерлері ретінде таныстырып, жеке деректеріңізді, SMS-кодтарды айтуды немесе несие рәсімдеуді талап етсе, әңгімені дереу тоқтатып, "102" арнасына хабарласу қажет.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай жағдайларда уақытылы әрекет ету азаматтарды қаржылық шығыннан қорғаудың ең тиімді жолы болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру