Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл полицейлері тыныштықты бұзған 1,5 мыңға жуық адамды жауапкершілікке тартты

Петропавл полицейлері жыл басынан тыныштықты бұзған 1,5 мыңға жуық адамды жауапкершілікке тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Демалыс күндері сағат 03:00 шамасында Бостандық көшесіндегі үйдің тұрғындары полицияға хабарласып, үйлерінің алдында үш жас жігіт жанжалдасып жатқанын айтып шағымданған. Полиция қызметкерлері оқиға орнына келгенде дауласушылардың екеуі мас күйде екенін анықтаған. Олар қоғамдық орында мас күйде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) бойынша хаттама толтырылды.

Ал Гоголь көшесіндегі үйлердің бірінің тұрғыны жалдамалы пәтердегі көршілері жанжалдасып жатқандықтан бір түнде полицияны екі рет шақыруға мәжбүр болған. Тәртіп сақшыларының профилактикалық әңгіме жүргізуінен жанжалқойлар сабақ алмады. Тек түнгі сағат төртте көршілері екінші рет полиция шақырғанда ғана тынышталды. Бұл жолы тыныштықты бұзушыларға хаттама толтырылды.

 – Жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы сағат 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы сағат 10-ға дейін тыныштықты бұзған жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады, – дейді Петропавл қаласы ПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бөлімше бастығы Ксения Ищенко.

Бір жыл ішінде аталған құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. 8 айда қалада тыныштықты бұзудың 1414 фактісі тіркелді. Өткен жылдың осы кезеңінде 1353 құқық бұзушылық анықталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру