Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавл қаласының тұрғыны учаскелік полиция инспекторларына ризашылығын білдірді

Петропавл қаласының тұрғыны учаскелік полиция инспекторының жұмысына алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Егемен Қазақстан көшесі бойында орналасқан жатақхана тұрғындары подъездегі қоқыс, спирттік ішімдіктер ішушілер, төбелесқойлармен бірнеше жыл бойы арпалысып келген.

Қазіргі таңда аталған жатақхана тұрғындарының проблемалық мәселелері өз шешімін тапқан.

Петропавл қаласының тұрғыны учаскелік полиция инспекторларының жатақхана тұрғындарын өз проблемаларымен бетпе-бет қалдырмай, көмек көрсеткендерін айтып, қалалық полиция басшылығына алғысын білдірді.

“Учаскелік полиция инспекторы Асхат Дәркеев пен бұрынғы инспектор Ильнурға (тегі есімде жоқ) шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Біз, бірлесе үш жыл бойы заңға бағынбайтын азаматтармен күрестік. Түптің түбінде жеңіп шықтық. Тыныштықта өмір сүріп жатқанымызға бір жылдай болды. Қазір бізге жаңа учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді, шақырсаң бірден келеді. Жігіттерге де, басшылығына да рақмет. Адал, тәртіпті инспекторлар тек адал,  әрі жақсы басшыларда ғана болады! Бізбен бірге болғандарыңызға үлкен рахмет”, – деп жазыпты “Экватор” пәтер иелері кооперативінің төрайымы Оксана Бабыкпаева.

Оксана Бабыкпаева полицияның жұмысына өзінің ризашылығын WhatsApp-та құрылған “СҚО аулаларын мониторингілеу”  тобына жолдаған.

Бұл чат пәтер иелері кооперативтерінің төрағаларын, жергілікті атқарушы билікті, жұртшылықты біріктіреді. Соңғы кездері цифрлық ресурстардың көмегімен құрылған мұндай ашық әңгімелесу, көмекке мұқтаж жандарға жедел қол ұшын созуға септігін тигізуде.

“Халық пікірі – учаскелік полиция инспекторлары  жұмысының тиімділігін  көрсетеді. Ел Президенті өз Жолдауында “қолжетімді полиция” қағидатын қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлардың халықпен осындай өзара қарым-қатынасы тапсырманы тиімді іске асыруға септігін тигізеді”, – дейді Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Петропавл қаласында 13 аймақтық полиция пункті жұмыс істейді, онда 97 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру