Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда полиция оқушыларға робот-ит пен дрондарды таныстырды

Петропавл қаласындағы оқушылар сарайында "PROFuture Forum" аясында полиция қызметінің заманауи бағыттары таныстырылды. Іс-шараға қала мектептері мен қала маңындағы аудандардың жоғары сынып оқушылары қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Форум барысында тәртіп сақшылары қызметтің негізгі бағыттары мен күнделікті жұмыс ерекшеліктері туралы кеңінен баяндады. Оқушылар полиция автопаркін, арнайы бөлімшелердің қару-жарағын, дрондарды, криминалистикалық құрал-жабдықтарды және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде қолданылатын заманауи техникаларды өз көздерімен көрді.

Сонымен қатар қатысушыларға құқық қорғау саласындағы жаңа технологиялар да таныстырылды. Атап айтқанда, қауіпті жағдайларда қолдануға арналған "төртаяқты дрон" — робот-ит көрсетілді. Ол жабдықталуына қарай іздеуде жүрген адамдарды анықтауға, газталдағыш арқылы есірткі заттарын табуға және өзге де арнайы міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.

СҚО ПД жеке құраммен жұмыс басқармасының бастығы Руслан Тасимов болашақ түлектерге Ішкі істер министрлігі оқу орындары мен мамандықтар туралы ақпарат беріп, жедел уәкіл, тергеуші, криминалист, учаскелік инспектор сынды бағыттар бойынша дайындық жүргізілетінін атап өтті.

Оның айтуынша, ІІМ оқу орындарын таңдаған жастарға кепілді жұмысқа орналасу, әлеуметтік қолдау, мансаптық өсу мүмкіндігі және кәсіби дамуға жағдай жасалады. Ең бастысы — қызмет қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды миссия екенін ұғыну.

Полицияға жұмысқа орналасу бойынша азаматтар тұрғылықты жері бойынша полиция бөлімдеріне, СҚО ПД жеке құраммен жұмыс басқармасына немесе арнайы байланыс нөмірлері арқылы жүгіне алады. Сонымен қатар бос жұмыс орындары туралы ақпарат qyzmet-police.kz платформасында қолжетімді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру