Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары халықпен жиналыстар өткізуде

Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары халықпен жиналыстар өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

“Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы жүзеге асырылу үстінде – Петропавлда учаскелік полиция инспекторлары карантиндік шектеулерге байланысты уақытша өткізілмей келген жиналыстарды қайта өткізуде. Жұмадан жексенбіге дейін халықпен 39 жиналыс өткізілді.

Қала тұрғындары сұрақтарды белсенді түрде қойған. Сұрақтар әр түрлі, оның ішінде ең өзектілердің қатарында – аулалардағы көлік тұрақтары және жалдамалы пәтерлердегі шу, абаттандыру мәселелері және ішімдік пен нашақорлықтан мәжбүрлеп емделуге жіберудің тәртібі.

Абай көшесінің бойындағы үйдің бірінде жалға берілетін пәтердің көршілері тыныштықты бұзу бойынша полицияға бірнеше рет жүгінген. Жиналыста учаскелік полиция инспекторы осындай өтініштер бойынша қандай шаралар қолданылатынын егжей-тегжейлі түсіндірді. Шулы бас қосуларға әуес азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылады және жалға алған пәтерден шығарылады. Пәтер бюроларының әкімшілігіне бұзушылықты жою туралы ұсыным жолданады. Бірқатар жағдайларда пәтер иелері пәтерлерін ұзақ мерзімге жалға беруге келісіп жатады – бұл түн ішінде тыныштықты бұзу мәселесін шешеді.

– Заңнама нормаларын түсіндіру көп жағдайда мәселені шешуге көмектеседі, тұрғындардың арасындағы дауды тоқтатады. Бір аулада шлагбаум орнату кезінде тұрғындар арасында келіспеушілік туындаған. Учаскелік полиция инспекторы тұрғындарға шешімді жалпы жиналыста қабылдауға кеңес берген. Жиналыстарда проблемалық сұрақтар шешіліп жатады. Жиналыс УПИ қызметінің қызметкерлеріне қызмет көрсететін учаскелеріндегі жағдайды толық түсінуге көмектеседі. Осы бағыттағы жұмыс ашықтық пен ішкі істер органдарының қолжетімді болу қағидатын жүзеге асыру шеңберінде халықпен қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, – деп атап өтті Петропавл қалалық ПБ бастығының міндетін атқарушы Әлібек Ғабдуллин.

Сонымен қатар, жиналысқа криминалдық полиция қызметкерлері де қатысты. Олар қылмыстың таралған түрі – интернет-алаяқтықтың алдын алу туралы айтып берді. Жедел уәкілдердің мәліметін тұрғындар растады. Жиналғандардың басым бөлігі “банкіден келіп түскен қоңырау” туралы айтқан. Жалпы халық қауіп туралы біледі және желідегі алаяқтардың торынан сақтанады.

Тұрғындарға учаскелік полиция қызметкерлерінің есімхаттары мен профилактикалық кітапшалар таратылды. Полицейлер анықталған мәселелерді өздеріне түртіп алды. Жиналыстар демалыс күндері де өткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру