Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда ювеналдық полиция аға инспекторының ұлдары анасының жұмысында болып қайтты 

Петропавлда ювеналдық полиция аға инспекторының ұлдары анасының жұмысында болып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қалалық Полиция басқармасы құрамындағы ЖПҚ бөлімінің ювеналдық полиция аға инспекторы Зарима Жакинаның ұлдары анасының жұмысында болып қайтты. Полиция капитаны төрт ұлдың анасы. Үлкендері – 16 мен 17 жаста. Олар аналарының жұмысын жақсы білгендіктен, інілері – 11 жастағы Сұлтан мен 6 жасар Әділханды тәрбиелеуге көмектеседі. Дей тұрғанымен, кіші ұлдары анасын сағынып, күтіп отырады. “Менің полициям” жобасы және 2022 жылы 11 қыркүйек күніне келетін Отбасы күні қарсаңында, балаларға ерекше экскурсия ұйымдастырылды.

Балалар Петропавл қаласы Полиция басқармасына барып, анасы Зариманың жұмыс орнын көріп, сондай-ақ қылмыспен күрес туралы сыр шертетін бірегей жәдігерлерден тұратын қалалық Полиция басқармасының музейін тамашалады, кейін полиция машинасына да отырып көрді. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бейнебақылау камералары қалай жұмыс істейтінін, дауыс зорайтқыш құрылғының жұмысын көрсетті.

Ювеналдық полицейлердің негізгі мақсаты – жасөспірімдерді қылмыс пен құқық бұзушылықтардан сақтау. Қазіргі уақытта Петропавлда кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу бойынша өздерінің міндеттерін орындамаған 40 отбасы есепте тұр және заңды бұзуға бейім 20 жасөспірім есепке алынған. Мәселелердің басым бөлігі – балалардың қараусыздығы, ата-аналарының ащы суды асыра ішуі. Қиын жағдайларда полицейлер кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға материалдарды жинастырады, комиссия шешімінің орындалуын бақылайды. Тұрғылықты жерлері бойынша тексеріс жүргізіп, түнде көшелерді, ойын-сауық орындарын, жастар жиналатын жерлерге рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Жыл басынан 128 рейд жүргізілді.

– Суық жел болса, анам тоңып қалуы мүмкін, – дейді Әділхан.

– Бұл, әрине, қиын жұмыс. Алайда есептегі тұрғандарды көрген сайын оның мен үшін қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Биылғы жыл Қазақстанда Балалар жылы болып жарияланды және мүдделі органдар балалардың құқықтарын қорғау жұмысын үйлестіруге баса назар аударып отыр. Жас солтүстікқазақстандықтар – еліміздің болашағы және әрбір ересек адам болашағымыз үшін жауапты екенін сезінуі тиіс, – дейді Зарима.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру