Петропавлда жасөспірімдерді спорт пен үйірмелерге тарту жобасы іске қосылады
Петропавл қаласында жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа жоба іске қосылмақ. Жоба аясында полицейлер оқушыларды спорттық секциялар мен түрлі үйірмелерге белсенді тартуды көздеп отыр, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция өкілдерінің айтуынша, Петропавлдағы №4 мектеп жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тиімді жұмыс жүргізіп келеді. Бұған оқушылардың сабақтан тыс уақытта спортпен және басқа да пайдалы істермен белсенді айналысуы ықпал етуде.
Мектепте қаланың бірнеше білім беру ұйымының оқушылары арасында футболдан аймақтық жарыс өтті. Жас спортшыларды педагогтер мен демеушілер қатарында Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов та құттықтап, спорттың балалардың денсаулығын нығайтып, жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырудағы маңызын атап өтті.

Жарыс қорытындысында алаң иелері — №4 орта мектептің командасы жеңімпаз атанды.
Полиция қызметкерлерінің пікірінше, балалардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру — құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Осыған байланысты тәртіп сақшылары жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды сабақтан тыс жұмыстарға тартуға белсенді атсалысуды жоспарлап отыр.
Қазір жоба білім беру саласының мамандарымен бірлесіп әзірленуде. Оның аясында балалардың өз қабілеттерін дамытуына мүмкіндік беретін қолжетімді спорттық секциялар, клубтар мен үйірмелерге тартуға басымдық берілмек.

Жобаны іске қосу жаңа оқу жылының басталуына жоспарланған.
