Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісайда жүргізуші полицейдің заңды талабына бағынбай 30 метрге дейін көлігімен сүйреп кетті

Полицейдің заңды талабына бағынбай 30 метрге дейін көлігімен сүйреп кеткен тұрғынға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қандай да бір құқықбұзушылық анықталса, ішкі істер органдарының қызметкерлері қауіп қатерге қарамастан бірінші болып әрекет етеді. Алайда полицияның жұмысын кері түсініп, өз құқықбұзушылықтарын жасырғысы келетін азаматтар аз емес. Әсіресе мұндай жағдайлармен патрульдік полиция қызметкерлері жиі ұшырасады. Себебі жолда түрлі тосын жағдайлар орын алады.

Мәселен, Жетісай АПБ патрульдік полиция тобының инспекторы Ертау Саурамбаев әріптесімен бірге жолдарды патрульдеу кезінде автокөлігінің терезесін күңгірттеп алған жүргізушіні тоқтатады. Полицейлер оның құжаттарын тексеріп, күңгірттеп алу заңға қайшы екенін түсіндіріп, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырады. Осыдан соң полицей жүргізушіге терезесіндегі күңгірттелген пленканы алып тастауын сұрайды. Алайда заңды талапқа бағынғысы келмеген тұрғын қасында тұрған полицейге қарамастан, көлігін айдап, тәртіп сақшысын 30 метрге дейін сүйреп кетеді. Осылайша болған оқиғаның барлығы полицейдің бейнежетонына түскен.
Ал автокөлік сол мезетте айыптұраққа қойылды.

Бұл жайт бірден ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкiлiне қатысты күш қолдану) бойынша тіркелді. Бүгінгі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтайды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға құқықбұзушылық жасамауға шақырады. Ал егер де сіздің тарапыңыздан заң бұзылған сәтте полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағыну қажеттілігін ескертеді.

Егер сіз осындай қылмыстардың куәгері болсаңыз, тез арада полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру