Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер су ортасында қалған тұрғындарды құтқарды

Түркістан облысының полицейлері су ортасында қалып қойған екі тұрғынды құтқарып, алғыс алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал ауданында су басқан ауылдарда өз қызметтерін атқарып жүрген полицейлерге, Фирдоуси ауылындағы ферма аумағында қалып кеткен адамдар көмек сұрап хабарласады.

Хабар келісімен осы аймаққа бекітілген учаскелік полиция инспекторы, жанына еріктілерді алып, су басқан Фирдоуси ауылына қайықпен шұғыл жетеді. Жан-жақты мұқият қарап шығып, қалып кеткен тұрғындарды іздеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде судың ортасында тұрған екі тұрғынды тапты. Тез арада қайықтың бағытын сол жаққа бұрып, екі адамның жанына келіп, оларды қайыққа отырғызып, басқа адамдардың жоқтығына көз жеткізіп, екі жас жігітті қауіпсіз аймаққа шығарды.

Тұрғындармен тілдесіп, сұрастыру барысында олардың жылқыларын іздеп шығып, ауылды түгел су шайып кеткеннен кейін, кері қайта алмай қалғандары белгілі болды. Жас жігіттер құтқарушы полицей мен еріктілерге шынайы алғысын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.

Полицейлер “дүние-мүліктеріңіз үшін осындай көзсіз батырлыққа барудың қажеті жоқ. Ең бастысы- өз өмірлеріңіз. Су басқан үйлеріңізге, қора-жайларыңызға кіреміз деп, өз бастарыңызды қатерге тікпеңіздер. Бұл ауылдарға мүлдем кіруге болмайды” – деп тұрғындарды сабырлыққа шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру