Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер зейнеткерлердің құжаттарын жаңартып берді

Түркістан облысының полицейлері қарт тұрғындардың үйіне барып, құжаттарын жаңартуға қызмет көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚР ІІМ-нің полицейлерге қоятын басты талаптарының бірі – халыққа жақын болып, олардың қорғаны екенін көрсетіп, ашықтық орнату. Осы бағытта Түркістан облысы Полиция департаменті және оған қарасты қала-аудандық Полиция бөлімдерінде жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Мәселен, Келес аудандық полиция бөлімшесі Көші-қон полиция тобының инспекторлары Сәкен Сәрсенбаев пен Жанболат Рахимовтар аудандағы карантин режимі енгізілген уақытта жеке куәлігінің мерзімі өткен, жүріп-тұруы қиын қарттарға көшпелі қызмет түрін көрсетті.

Ауданның егде жастағы тұрғындарының үйіне арнайы барып, жеке куәліктерін қайта рәсімдеуге көмек көрсетті. Осындай жанашырлыққа, кәсібилікке күміс алқа иегері К.Ермекова анамыз риза болып, полицейлерге өзінің алғысын жеткізді.

Полицейлердің осы сынды көмегін алғандар қатарында Қазығұрт ауданының тұрғындары да бар. Қазығұрт аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлерінен құрылған мобильді топ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл ардагерлерінің үйлеріне дайын жеке куәліктерін алып барып, қолдарын қойдыртып, заңдастырып берді.

Ардагер Иса Телікбаев, Тұрсын Алтаева полиция қызметкерлеріне үлкен рахметін айтып, ақ батасын берді.

Қарттарды құрметтеп, ұлықтау мақсатындағы іс-шараға Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Аудан тұрғындары арасында төлқұжаттарының мерзімі өткен қарт кісілерді, мүмкіндігі шектеулі тұрғындарды қайта құжаттандыру аясында қарқынды қызметтер атқарды.

Өнімгер ауылының тұрғыны, тыл ардагері Сейділлә Молдабековтың үйіне арнайы барып, құжатын жаңалады. Бұл жолы да қазыналы қартымыз тәртіп сақшыларына өзінің ризашылығын білдіріп, алдағы уақыттағы жұмыстарына табыс тіледі.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру