Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жоғалған малдар иесіне қайтарылды

Түркістан облысының полицейлері тұрғындардың жоғалған малдарын қайтарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне Атакент ауылының жергілікті
тұрғыны арызданып, белгісіз себептермен үйінің алдындағы көшелердің бірінде жайылып жүрген сиыры мен бұзауы жоғалып кеткенін айтып, табуға көмектесулерін сұрайды. Полицейлер аталған жайтты полиция бөліміне тіркеп, оқиға орнына шықты.

Мақтаарал аудандық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары бірлесіп, жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде, жоғалған малдарды жәбірленушінің үйінен шамамен бір шақырым қашықтықта, жергілікті каналдың жанында жайылып жүрген жерінен тапты.

Табылған сиырларды тәртіп сақшылары заңды иесіне қайтарды. Ал, жәбірленуші болса малдарын тауып берген полицейлердің кәсібилігіне, жеделділігіне ризашылығын білдірді.

Арыс аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері де тұрғынның қорадан жоғалған екі қойын тауып берді. Арыс АПБ-не жергілікті тұрғыннан белгісіз адамдар оның қорасына заңсыз кіріп, әрқайсысы 25 000 теңге тұратын екі қозысын ұрлап кеткенін хабарлаған. Жедел-іздестіру
шаралары барысында полицейлер мал ұрлығына қатысты күдіктіні ұстады. Ол көрші ауылдың тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктіден ұрланған қойларды айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.

Қазіргі таңда аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 188-1-бабы (мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға бар-жоғы анықталады. Күдікті ер адам қамауға алынды.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру