Полиция қызметкерлері ойыншық тапаншамен адам қорқытқан күдіктіні ұстады
Қызылордалық полицейлер ойыншық тапаншамен адам қорқытқан азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
30 қазан күні сағат 17:45-те Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 25 жастағы тұрғыны қалалық аурухананың алдында бір жас жігіттің тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, автокөлігіне мінгісі келгені туралы хабарлаған.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы жәбірленушіден күдіктінің сыртқы келбеті туралы ақпарат алып, полиция экипаждарына бағдар таратқан.
Өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 29 жастағы жұмыссыз азамат ұсталды. Одан айғақ зат ретінде ойыншық тапанша тәркіленді.
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-бабымен (Қорқыту) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.