Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

“Полицияда тек мықтылар қызмет етеді”

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы жарияламақ.

Келес аудандық Полиция басқармасы бастығының кадр және тәрбие ісі жөнінде орынбасары Саттар Отыншиев мекемеге резюмесін алып келген жастарды жан-жақты сынақтан өткізеді. Бұл салада 30 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан полиция подполковнигі әрбір қызметкердің білімі мен біліктілігін жеке-жеке бағалайды.

– Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Сондықтан бұл қызметке тек мықтылар ғана, халыққа көмектесіп, қорған болам деген азаматтар ғана орналаса алады, – дейді Саттар Әуезұлы.

Саттар Отыншиев 1970 жылы Қазығұрт ауданы Рабат ауылында дүниеге келген. Отбасында 13 ағайындының ең кенжесі. Ағалары мен әпкелері жоғары білім алып, еліміздің әрбір аймағында абыройлы еңбек етіп жүр. Саттар жастайынан құқық қорғау саласын таңдап, полиция қызметкері болуда армандапты. Сол жолда білім алады. Сарыағаштағы техникумда, кейіннен Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ “Заңгер” мамандығын меңгерген.


Ал, еңбек жолы, еліміз тәуелсіздік алған жылдары басталған. Алғашында патрульдің полицияда қызмет еткен. Кейіннен мемлекеттік тергеу комитетінде, облыстық көші-қон басқармасында абыройлы қызметімен көрінген. Сарыағаш аудандық Полиция басқарамасы бастығының кадр ісі жөніндегі орынбасары, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлім бастығы, Мақтаарал аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары лауазымдарында да абыройлы еңбегімен танылып, халыққа қызмет еткен.
Ал, 2018 жылы Келес ауданы қайта құрылған тұста Келес аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды.

– Полиция қызметкері жан-жақты болуы керек. Білімі жоғары, спортты меңгерген, сыпайы, ілтипатты, ең бастысы халықпен тіл табыса алуы шарт. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлерінің тек мінездемесі, кәсіби біліктілігі ғана емес, сыртқы сымбаты назарға алынған. Полиция қызметкерінің жағымды имиджін қалыптастыру тұрғысында тыңғылықты жұмыс атқарылуда. Бұған қоса, кезекті өтетін аттестация бар. Бұл сынақтан сүрінбей өткендер ғана халыққа қызмет етеді, – дейді подполковник.

Саттар Әуезұлы әрдайым жеке құрамға тәрбиелі кеңестер беріп, арнайы семинарлар өтіп отырады. Нәтижесі де жоқ емес. Мақтарал ауданындағы Фирдауси мектебінің директоры Жанар Сапар өзінің жеке фейсбук парақшасында Келестік полиция қызметкерлеріне алғыс айтқан жазба қалдырды.

– Көлігімде келе жатып, өзімді өте жайсыз сезіндім. Шыдамды елдің ұрпағымыз ғой, межелі жерге аз қалғандықтан көлігімді тоқтатпай жүре бердім. Ішетін дәрімде үйде қалып кеткен. Басым айналып, көзім қарауыта бастаған соң, көлікті жол шетіне бұрып, тоқтауға ыңғай таныттым. “Көлікті жол шетіне тоқтатыңыз” деген саңқылдаған үдеткіштен шыққан дауыс санамды селт еткізді. “Не қателік жібердім екен?” деп көлікте енді ойлана бергенімше, патрульдік полиция көлігінен жап жас полиция жігіт көлігіме жақындады да “Әпке, көлігіңізді жай айдап келесіз, байқап келе жатырмын. Мазаңыз жоқ па? Жедел жәрдем шақырайын, көмек керек пе?” деп жағдайымды сұрады. Формалы жігітке мазам жоқтықтан тоқтағанымды жеткіздім. Көмектесіп, қолұшын берген Келес АПБ ЖПК УПИ аға лейтенанты Ж.Азимбаев пен полиция лейтенанты М.Тастемирге төрт перзенттің анасы ретінде отбасым атынан алғыс айтамын, – деп жазды желі қолданушысы.


Жалпы, келестік полиция қызметкерлері қашанда халықпен бірге. Мамыр айының басында Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезінде де шұғыл көмекке барып, тәулік бойы қызмет етті. Фирдоуси елді-мекенінде құтқару жұмыстарын жүргізу барысында үйінде қалып қойған егде жастағы азаматты тауып, қайықпен қауіпсіз аймаққа алып шықты.


Жергілікті тұрғындарды қауіпсіз аймаққа көшіру, жол кептелістерін болдырмау, ұрлықтың алдын алу, қоғамдағы тыныштықты қамтамасыз ету, зардап шеккен тұрғындарға көмек беру істерін белсенділікпен атқарып, полиция халықпен әрдайым бірге екендіктерін көрсетті. Әрине, бұл да тәртіп сақшыларына тұрақты түрде жүргізіліп жатқан тәрбие жұмыстарының нәтижесі болса керек.

Саттар Отыншиев ішкі істер саласындағы еңбек жолында көптеген қылмыстық істердің ашылуына ұйытқы болған. Алдын алу жұмыстарын да жүргізіп, қоғамдық тәртіптің тыныштығын күзеткен. Әсіресе, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімге басшылық жасаған жылдары, жастар арасындағы қылмыс күрт төмендеп, көрсеткіш жақсара түсіпті. Жастар арасындағы әлімжетікке тосқауыл қойып, тонау, бұзақылық қылмыстарын дер кезінде анықтап, ашып отырған.

– Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімге басшылық жасаған жылдары төрт ата-ана келіп, балаларын тонап кеткендігін айтты. Интернет клубта аса тапаншасымен қорқытып, ақшалары мен телефондарын алып кеткен. Күдіктінің келбетін анықтап, жедел топты құрып, өзім бастап бардым. Ұйықтап жатқан жерінен ұстадық. Заттарды тәркілеп, иелеріне қайтардық, – дейді ол.


Қазір Келестегі жағдай тұрақты. Жалпы тіркелген қылмыстар саны жылдағыдан төмендеген. Ауыр қылмыстар жоқ. Қоғамдық тәртіп тәртіп сақшыларының тұрақты қадағалауында.
Саттар Әуезұлы бос уақытында спортпен шұғылданады. Бала кезден жанына серік болған жүзу залына жиі барып тұрады.
Қазір үйінің ауласында көкөніс пен жемік жидектер жайқалып өсіп тұр. Оны да күтіп баптау керек. Подполковник үшін бұл хобби. Үйіргелік ауласын ботаникалық баққа айналдырған. Ішінде түрлі жеміс ағаштары мен көкөіністер, гүлдер жайқалып өсіп тұр. Жәй ғана ауыз су құбыры арқылы келетін кішкене сумен-ақ жайнатып жіберген. Қызанақпен қиыр пісіп тұрса, алма да жеуге жарап қалыпты.
Саттар Әуезұлы жұбайы Жанармен үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Ұлы да әке жолын қуып, ішкі істер саласында абыройлы еңбек етіп келеді. Ал, қыздары банк саласының белді қызметкерлері. Көркем есімді қылығы тәтті кенже қызы, әкесінің жұмыстан келген сәтін күтіп отырады. Бір бірін сәт сайын көрмесе сағынып қалатын әкесі мен қызы сағынышын басқан соң, өзара сырласады.

– Жасыратыны жоқ, полиция деген қоғамда теріс көзқарас бар. “Дөрекі сөйлеседі, тыңдамайды” деп сын айтушылар көп. Ал, олар заң бұзған өзінің кінәсін айтпайды. Бұл, көзқарастан арылатын кез келді. Полиция – елдің қорғаны. Полиция әрдайым халықпен бірген, – дейді подполковник.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру