Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қалтқысыз қызмет пен темірдей тəртіп. Мамандандырылған күзет қызметі бөліністері нені талап етеді

Полиция бүгінде ашық әрі қолжетімді. Оған дәлел – полиция қызметкерлері мен азаматтардың арасында кері байланыстың орнауы, әлеуметтік желілерде тұрғындармен бірлескен чаттардың пайда болуы, ақпарат алмасу алаңының ашықтығы. Сондай-ақ, жоғарыда аталғандардың қатарына Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен алғаш рет өтіп жатқан “Погонды журналист. Полицейдің бір күні…” жобасын қосуға болады. Аталмыш жоба аясында БАҚ өкілдері жедел қызметкерлердің, тергеушілердің, криминалистердің, учаскелік инспекторлардың, жалпы айтқанда, көпшілік біле бермейтін полиция қызметтерінің қыр-сырымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Негізгі мақсат – тәртіп сақшыларының қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызметін халыққа таныстыру.

Polisia.kz ақпараттық медиа-порталының тілшісі – мен де осы мүмкіндікті қалт жібермей, жобаның қатысушысы атанып, Ішкі істер министрлігінің Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкі мен Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкі, сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы қызметкерлерінің күнделікті жұмысымен таныстым. Атауларында өзгешелік болғанымен бұл үш бөліністің атқаратын міндеті бірдей. Ол – еліміздегі аса маңызды нысандар мен ғимараттарды күзету және тек күзетіп қана қоймай, ондағы азаматтардың, жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ғимаратқа кірушілер арасында тәртіптің сақталуын қадағалау.

Мамандандырылған күзет қызметі бөліністерінде қызметкерлер күндізгі және түнгі ауысыммен жұмыс істейді. Әр полк өзіне бекітілген арнайы мекемені күзетеді. Көбіміздің жұмысымыз таңғы сегіз бен тоғызда басталса, ал күзет қызметіндегі сақшылардың жұмысы одан да ерте басталады. Күндізгі ауысымда істейтін қызметкерлер таңмен таласа оянып, саптық тексеріс пен қару алу үшін жұмысқа сағат жетіде келеді. Әскердегі темірдей тәртіптің мұнда жүз пайыз сақталғанына берілген бір күннің өзінде-ақ көзім жетті.

Полицейдің формасын киіп, погон таққан сәттен бастап, мойныңа жүктелген жауапкершілікті анық сезінесің. Біздер үшін қалыпты көрінетін қызметтің қаншалықты ауыр, жауапты екенін түсініп, шалыс басуға болмайтынын ұғасың.

Ішкі істер органдарындағы менің бір күндік қызметім Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінен басталды. Мұнда өзге де тәртіп сақшыларымен бірге саптық тексеріске қатысып, қаруды қалай қабылдап алу керектігін көрдім. Бұл – күзет қызметіндегі әрбір сақшы үшін күнделікті рәсім. Құжаттар мен форма тексерісі, түгендеу жұмыстарынан соң, әр взвод қызметтік көліктермен өзіне жүктелген мекемелерге аттанады.

Айта кету керек, Дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінде 494 қызметкер жұмыс істейді. Полкке қарасты 47 мекеме бар. Олар – Сыртқы істер министрлігі, Ватикан, Ресей, Қытай, АҚШ және тағы да басқа елдердің елшіліктері. Бұл тек бір полктің өзінде. Ал басқа бөліністердің қарамағында бұдан өзге қаншама нысан бар.

Маған берілген бір күн ішінде мен Сыртқы істер министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейі мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында болдым. Әрбір ғимараттың өзіндік бағыты мен мақсатына байланысты ондағы қызмет те әртүрлі жағдайда өтетіндігін атап өткен жөн. Мысалы, СІМ-ге сондағы қызметкерлерден басқа келушілердің жоқтығын ескерсек, ондағы қызмет те сәйкесінше бірқалыпты жүреді. Ал әкімдікке келушілер көп, сондықтан бұл ғимаратты күзететін полицейлер екі есе қырағы болуы қажет.

– Қарапайым қызметкерлерден бөлек келушілер саны ең көп нысандар бұл – әкімдік, сот, прокуратура. Мысалы, әкімдікті алатын болсақ, мұнда күн сайын қаншама азамат өз проблемасымен жүгінеді. Мәселесінің түйінін шеше алмай тұрған адам ғимаратқа кірген бойда бізді көреді. Бар ашуын, өкпесін бізге жаудыратын кездер де болады. Ондай жағдайларға біз дайынбыз және түсіністікпен қараймыз. Жанжал туындамас үшін келушілерді сабырға шақырып, тәртіп сақтау қажеттігін ескертеміз. Әрбір келуші ішке тыңғылықты тексерістен соң ғана өтеді. Себебі, бұл – біздің жұмысымыз, – дейді Нұр-Сұлтан қаласы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы взвод командирінің орынбасары Мәди Қапаш.

Күзет қызметіндегі полицей интроскоппен, металл детекторымен, бейнебақылау камерасымен жұмыс істей алуы керек. Интроскоп арқылы өтетін әрбір заттың рентген құрылғысында қалай көрсетілетінінен хабардар болуы шарт. Бұл құралдар қауіпті заттың ғимаратқа енбеуіне көмектеседі. Офицерлердің айтуынша, металлдан жасалған заттар рентгеннен өткенде “көк” түспен, ал жарылғыш заттар “қара” түспен көрінеді. Олар мұны ажырату және біліктілікті арттыру мақсатында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп тұрады. Басшылық құрам қызметкерлерден сақтық пен қырағылықты талап етеді, сондықтан кезектен тыс тексерулер жиі ұйымдастырылады. “Сен, бірақ тексер” деген қағиданы үнемі есте сақтайды.

Сонымен қатар, полиция қызметкерлері күзететін ғимараттардың барлығы камералармен жабдықталған. Ішкі, сыртқы жағдайды бақылап отыру да жауапкершілікті қажет етеді.

Полк қызметкерлері күзет жұмысынан бөлек өздерінің физикалық формаларын қалыпта ұстау үшін тұрақты түрде дене шынықтыру, атыс сабақтарына қатысады.

“Погонды журналист” жобасы барысында өмірімде алғаш рет қолға тапанша алып көру мүмкіндігі туды.

Тынымсыз еңбектің арқасында спорттық сайыстарда, әлемдік додаларда топ жарып жүрген қызметкерлер жетерлік. Атап айтар болсақ, биыл Ташкент қаласында қоян-қолтық ұрыстан күштік құрылымдар арасында өткен әлем біріншілігінде Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің қызметкері Мақсат Бекмұханбетов алтын жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Полицейлер күштерін шыңдаумен ғана шектелмейді. Полк қызметкерлері үшін арнайы дәрістер, семинарлар, психологиялық тренингтер де өткізіледі. Сабақтар олардың әр саладағы білімін жетілдіруге бағытталады. Қызметтен соң, мен де Үкіметтік мекемелерді күзету жөніндегі полиция полкінің сақшыларымен бірлесіп, Ұлттық академиялық кітапханада “Nur Otan” партиясы өкілінің қатысуымен Президенттің Жолдауын талқылауға бағытталған кездесуге қатыстым.

Жалпы, полиция қатарындағы бір күнім қызыққа толы болды. Бұрын-соңды өзім білмеген дүниелермен таныстым. Кез келген адамның погонды иығына тағып кете алмасын түсіндім. Антқа берік полицей атану үшін бойдағы қайсарлық пен төзімділікті шыңдап, ең бастысы – қалтқысыз қызмет етіп, темірдей тәртіпке үйрену керектігіне көз жеткіздім.

Шұғыла ТҰРЛЫБЕК

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру