Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қанат Таймерденов: Алматыда қылмыстық ахуал тұрақты

Алматыда полицейлер 2021 жылдың қорытындысын шығарды. Олардың айтуынша, қаладағы қылмыс 5 пайызға төмендеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кісі өлтіру (-27,6%), қарақшылық шабуыл (-3,2%), тонау (-17,5%), бөтеннің мүлкін ұрлау (-21,8%), бұзақылық (-31,0%), бопсалау (-6,7%) және көлік ұрлаудың саны (-19,4%) азайды.

Сонымен қатар, қоғамдық орындарда (-5,4%), кәмелетке толмағандармен (-7,5%), топпен (-28,4%), бұрын жасаған, шешілмеген және өтелмеген соттылығы барлар жасаған қылмыс (-12,5%), сондай-ақ мас күйінде жасалған қылмыс саны (-28,1%) азайды.

– Қазақстан Республикасы Президентінің “Естуші мемлекет” және “Полиция жақын маңда” тұжырымдамаларын іске асыру туралы тапсырмаларын орындау мәселелері, ІІО-ның әкімшілік ғимараттарында үздіксіз бейнебақылау жүйесін енгізу, қаладағы құқық тәртібін, жазатайым оқиғаларды азайту, сонымен қатар жеке құрам арасындағы тәртіп, заңдылық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәселелер алдыңғы қатарға қойылды. Ішкі істер министрі 2022 жылды жол-көлік оқиғаларының азаю жылы деп жариялағанын атап өткім келеді. Осыған орай, әкімшілік полиция мен жергілікті полиция қызметіне қаладағы жол-көлік оқиғаларының деңгейіне егжей-тегжейлі талдау жасап, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерін анықтауды, жол желісін зерделеуді, жол қозғалысын қадағалауды күшейтуді тапсырамын. Ағымдағы жылдың 11 айында Алматыда зардап шеккендермен 2 931 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 75 адам қаза тапты, тағы 3 408 адам жарақат алды, – деді қорытынды жиында Алматы қалалық ПД бастығы Қанат Таймерденов.


Соңында Алматы полициясының басшысы күнделікті жұмыста цифрландыру ресурстарын белсенді пайдалану қажеттігін атап өтті. Бұл – полиция қызметкерлері пайдаланатын бақылау камераларын, бейнетіркегіштерді, радиостанцияларды жаңғырту және жаңарту, қаладағы қоғамдық орындар мен мектептерге дүрбелең түймелерін орнату.

Сондай-ақ, істі электронды форматта тергеудің сапасына және жас полицейлердің біліктілігін арттыруға баса назар аударылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру