Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қар құрсауында қалған көлікке полицейлер көмекке келді

Түркістан облысының полицейлері жолда қарға батып қалған көліктің жолаушыларына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ аудандық полиция бөлімі ЖПҚ учаскелік полиция инспекторы Марат Тукушев жұмыс бабында ауа райының аязды болуына байланысты қолайсыз жағдайға тап болған жолаушыларға үнемі көмек көрсетіп, діттеген жерлеріне жетуіне көмектесіп жүреді. Өткен жылдары да бірнеше рет қарға батып қалған көліктерге қолғабыс етіп, алғыс алған болатын. Жақында тағы да қалың жауған қарға батқан көлікті тартып шығарып, жолаушылардың ризашылығына бөленді. Нақтырақ айтсақ, Шымкент қаласының екі тұрғыны өздерінің “ВАЗ” маркалы көлігімен Созақ ауданы Жартытөбе ауылынан 20 шақырым жерде орналасқан Ақтас шатқалының асуында қар құрсауында қалып қояды. Байланыс болмағандықтан сол жердегі қойшының үйіне түнеп шығып, таңғы уақытта 12-13 шақырымдай жаяу жүріп “101” телефонына хабарласып, көмек сұрайды. Содан төтенше жағдай бөлімшесінің қызметкері осы аумаққа қарайтын учаскелік полиция қызметкеріне хабар береді.

Ақпарат алысымен полицей Марат Тукушев Ақтас әулиенің жанында жүре алмай тұрған көлікке қарай шығады. Осы аймақтың тау-тасын, ой-шұқырын жатқа білетін полицей жылдам әрекет етіп, оқиға орнына жетеді. Қалың жауған қар салдарынан батып қалған көлікті құрал-жабдықтарымен тазалайды. Кызметтік көлігімен тартып шығарып, қолдан келгенше жәрдем етеді. Түні бойы жолда қалған жолаушы екі азаматқа ас-суларын апарып, көліктеріне жанар-жағармайларын жеткізеді.

Өз кезегінде, жолаушылар полицейлердің жанашырлығына тамсанып:

– Шымкент қаласынан өзіміздің жұмыс бабымызбен Созақ ауданына қарай жолға шыққанбыз. Алайда көлігіміз Ақтас әулие маңында қарға тығылып қалып, жол үстінде қиналып қалдық. Қайта полиция қызметкері келіп, бізді шығарып, құтқарды. Полиция капитаны Марат Тукушев болмаса, біз жолда, суықтан үсіп қалар едік. Тәртіп сақшыларына алғысымыз шексіз. Алла разы болсын!, – деп жүрекжарды сөздерін жеткізді.

Осылайша, полицейлер жолаушыларға қолғабыс етіп, азаматтық жасады.

Полицейлердің айтуынша, халыққа қандай жағдай болмасын бірінші кезекте көмек көрсету міндеттері. Олар үшін жұртшылықтың алғыс алып, қызметтерін мінсіз атқарудан артық биіктік жоқ. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды және жол жүру ережелерін бұзбауды ескертеді. Алыс-жақын сапарларға шығарда көлігіңізді қамдаңыз. Сондай-ақ, полицейлер жүргізушілерге ауа райы нашар, боран болған кезінде жолға шығудан бас тартуға кеңес береді.

Сондай-ақ оқыңыздар
  1. Ермахан :

    Марат Тукушев нағыз жігіт, қандай жағдайда болмасын қиналғанға кол ұшын созатын батыл ер азамат. Марат еңбегің жанып, генерал бол

Жауап қалдыру