Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында халықаралық турнирдің жүлдегері атанған ЖҚАЖ инспекторына құрмет көрсетілді

Қарағанды облысында халықаралық турнирде күміс жүлдеге ие болған полиция қызметкеріне құрмет көрсетілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының полиция департаментінде еркін күрестен 76 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өткен Яшар Догу күресі біріккен әлемінің рейтингтік турнирінен күміс жүлдені жеңіп алған, жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Эльмира Сыздықоваға құрмет көрсетілді.

Облыстық ПД бастығы Санжар Әділов Эльмира Сыздықоваға ішкі істер министрлігінің нышаны бар қол сағат табыстады. Сондай-ақ өткен 8 наурыз әйелдер мерекесімен құттықтауды да ұмытпады.

Байрақты бәсеке Анталияда наурыз айының 7-сі мен 10-ы аралығында өткен болатын. Нәзік жандылар мерекесін Эльмира Сыздықова боз кілемде өткізді. Элмира ақтық сайыста Қырғызстан құрама командасының спортшысымен белдесті.

– Қарсыласыммен барымды салып белдестім. Алайда, оның бағы жанып мені жеңіп кетті, – дейді Эльмира Сыздықова.

Дегенмен бұл жарыс погон таққан ару үшін тыңғылықты дайындалуға тағыда серпін беріп, алдағы Олимпиада ойындарында алтын медаль алуға үміт отын жағатыны сөзсіз.


Эльмира Сыздықова еркін күреспен 18 жастан бастап айналысқан. Бұл жарысқа Қарағандыда алғаш рет қыздар арасында еркін күрестен эксперименттік секция ашылған кезде ағасының айтуы бойынша келгенін айтады. Осыдан бастап оның спортқа деген қызығушылығы артып, бүгінде бірнеше халықаралық турнирлерде еліміздің көк туын көкке желбіретуде. Спорт сайыстарында алдына жан салмаған спортшы 2017 жылдан бастап ішкі істер органдарында да абыройлы қызмет атқаруда.

Бабы мен бағы қатар жанып, байрақты бәсекелерде алдына жан салмаған Эльмира Сыздықова әлемдік рейтингте 4-орында тұр. Алдағы уақытта оған тек сәттілік, қашанда жеңісті күндерде жолығуды тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру