Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысында мал ұрлығының алдын алуға байланысты 17 мобильді бекет орнатылды

Қарағанды облысының аумағында мал ұрлығының алдын алуға байланысты 17 мобильді бекет орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының аумағынан өтетін республикалық және жергілікті тас жолдарға, сондай-ақ өзге облыстармен шектесетін жерлерге мал ұрлығының алдын алуға байланысты 17 мобильді бекет орнатылды.

Мобильді бекеттерде криминалдық полиция, патрульдік полиция және учаскелік полиция инспекторлары жұмыс жасайтын болады. Негізгі мақсат – күздік және соғым уақыттарында мал ұрлығының алдын алу және қылмыстың жолын кесу.

– Негізінен осы уақыттарда мал өсірумен айналысатын шаруа қожалық иелері жәбір көреді. Бір ғана мысал келтірейін. Криминалдық полиция және Ақтоғай аудандық полиция қызметкерлерінің жүргізген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында мал ұрлығымен айналысқан төрт адамнан тұратын қылмыстық топ ұсталды. Олардың алты қылмысқа қатыстылықтары дәлелденді. Негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деді Қарағанды облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Аслан Өскембаев.

Сондай-ақ Аслан Өскембаев бекеттерде тұратын қызметкерлердің міндеті – ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеру, олардың құжаттарының сәйкес болуын қарау екенін атап өтті.

Аслан Өскембаевтың сөзінше, жыл басынан бастап облыс аумағында мал ұрлығына қатысты 25 дерек тіркелген. Кешенді іс-шаралар барысында 10 қылмыс ашылған. Мал ұрлығымен тұрақты түрде айналысқан екі қылмыстық топ ұсталып, олардың 8 дерекке қатысы бары дәлелденді.

Қарағанды облыстық полиция департаменті облыс тұрғындарынан полицияның жүргізіп жатқан жұмыстарына түсіністікпен қарауды сұрайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру