Қарағанды облысында табиғатты қорғау талаптарын бұзу деректерінің жолы кесілді
Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында өткізілген рейдтік іс-шаралар барысында табиғатты қорғау талаптарының бұзылу деректері анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Байқадам ауылы маңында жүргізген тексеру кезінде қоршаған ортаға зиян келтіру фактілерін тіркеді. Атап айтқанда белгіленбеген орындарға қоқыс пен кәріз қалдықтарын төгу жағдайлары белгілі болды.
Рейд барысында 35 жастағы жүргізушінің арнайы ассенизатор көлігімен кәріз қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккені анықталды. Сонымен қатар, сол күні 30 жастағы тұрғын трактор арқылы тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген аумаққа төгу үстінде ұсталды.
Аталған фактілер бойынша құқық бұзушыларға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сондай-ақ заң талаптарын бұзған тұлғалардың көлік құралдары айыппұл тұрағына қойылды.
Полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында мұндай рейдтік іс-шаралардың тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және заң талаптарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
