Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталғандарға патриоттық рух сыйлаған тағылымды шара өтті

Қызылордада сотталғандарға патриоттық рух сыйлаған тағылымды шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласындағы "Aray City Mall" сауда ойын-сауық орталығында орналасқан Kinoplexx 8 кинотеатрында Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі төмен №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтарға отансүйгіштікке тәрбиелейтін "Жаужүрек мың бала" көркем фильмі көрсетілді.

Аталған шараның басты мақсаты – сотталғандардың рухани-адамгершілік құндылықтарын арттыру, олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру және тарихи санасын жаңғырту. Кино көрсетілім барысында жазасын өтеушілер қазақ халқының күрделі тарихи кезеңдерімен танысып, ел тәуелсіздігі жолында жанын қиған батырлардың ерлігі туралы терең ой түйді.

Фильмнен алған әсерлерін сотталған азаматтар да жасырмады.

- Бұл фильм маған қатты әсер етті. Қазақ халқының ерлігі мен бірлігі көрсетілген. Осындай батыр бабаларымыздың арқасында бүгінгі күнге жеттік. Бізге рухани азық сыйлаған мекеме әкімшілігіне алғысымыз шексіз, - деді сотталған азамат.

Сонымен қатар мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Ернияз Жеңіс мұндай шаралардың маңызына тоқталды:

- Біздің негізгі мақсатымыз – сотталған азаматтарды тек жазасын өтеумен шектемей, оларды қоғамға қайта бейімдеу. Осындай тәрбиелік мәні жоғары фильмдер арқылы олардың бойында отансүйгіштік, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеміз. Алдағы уақытта да рухани бағыттағы іс-шараларды тұрақты түрде ұйымдастыру жоспарымызда бар, – деді ол.

Мекеме әкімшілігінің айтуынша, мұндай мәдени және тәрбиелік шаралар сотталғандардың қоғамға оң көзқараспен оралуына, олардың өмірлік ұстанымдарын өзгертуіне септігін тигізеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру