Қарағанды облысының колонияларында өнеркәсіп аймақтарын модернизациялау жоспарланды
2023 жылғы наурызда 2023-2025 жылдарға арналған “Қарағанды облысы мен Ұлытау облысында ҚАЖ кәсіпорындарының өндірістік инфрақұрылымын модернизациялау және кеңейту арқылы сотталғандарды жұмыспен қамтуды ұйымдастыру” пилоттық жобасы бекітілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Пилоттық жобаны Қарағанды облысы мен Ұлытау облысының әкімдері Ермағанбет Бөлекпаев пен Берік Әбдіғалиұлы және ҚР ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев бекітті.
Бұдан бұрын осы жылдың қаңтарында ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, өзге мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесін реттейтін заңдарға енгізілетін түзетулер талқыланып, онда Қарағанды облысы мен Ұлытау облысында пилоттық жобаны іске асыру мәселесі қаралды.
Пилоттық жобада 2023-2025 жылдары орындалатын біршама мәселе қарастыралған. Атап айтқанда, заңнамаларды жетілдіру, жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттыру, өндірісті модернизациялау және кеңейту, еңбек нарығына байланысты сотталандардың әртүрлі мамандықтар алуы.
– Мұндай жобаны біз бірінші рет іске асырып отырмыз. Бірінші кезеңде 4 сәуірде облыстық мекемелерде жұмыс істейтін кәсіпкерлермен олардың күнделікті қызметінде пайда болатын проблемалық мәселелерді анықтау, жобаны іске асыру және тағы басқа пайда болуы мүмкін мәселелерді шешу жөнінде ұсыныстар келтіру мақсатында кеңес өткізілді. Пилоттық жобаны іске асыруда көптеген жоспар жүзеге асатын болады, – деді Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары Мейрам Бекжанов.