Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысының ПД-де үздік қызметкерлер марапатталды

Қарағанды облысының ПД-де үздік қызметкерлер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қарағанды облысының Полиция департаментінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің аналарына, ішкі істер органдарының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек ашты.

– Республика Тәуелсіздігінің 30 жылдығы – ел тарихындағы маңызды оқиға, азаттықтың, тұрақтылықтың, ұлттық келісімнің символы. Егемендікті нығайтуда ішкі істер органдарына ерекше рөл жүктеледі. Сіздер азаматтардың құқықтарын әділ, тиімді қорғауды қамтамасыз етесіздер. Көшедегі тәртіп, азаматтардың өз қауіпсіздігіне деген сенімі сіздерге байланысты. Ағымдағы жылы ішкі істер органдарының қызметкерлері бірқатар атышулы қылмыстардың бетін ашты. Сіздің адал қызметіңіздің арқасында аймақта қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп, қоғамдық-саяси тұрақтылық қамтамасыз етілуде. Сіздерді еліміздің Тәуелсіздік күнінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Барлық жеке құрам мен ішкі істер органдарының ардагерлеріне зор денсаулық, амандық және жаңа кәсіби табыс тілеймін, – деді облыс басшысы.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қызметтік және әскери борышын үлгілі атқарғаны үшін 26 қызметкер «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» медалімен марапатталды. Олардың қатарында облыстық ішкі істер департаменті бастығының кеңесшісі Болат Ақымбеков, көші-қон қызметі басқармасының бастығы Асхат Мұқанов, жедел-криминалистикалық бөлімнің бастығы Афанасий Ли, оқу-жаттығу взводының командирі Бағлан Файзулин, штаб бастығының орынбасары Евгений Киндяков бар. Сонымен қатар, облыс әкімінің Құрмет грамотасымен 3 қызметкер, облыс әкімінің Алғыс хатымен 3 қызметкер марапатталды. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының өкімімен 7 қызметкер алғыс хат алды.

Сондай-ақ салтанатты жиынға қатысушылар алдында облыстың ПД басшысы Ерлан Файзуллин сөз сөйледі.

– Біз үлкен және маңызды іске ерекше мақтаныш пен атсалысу сезімін сезінеміз. Республиканың ішкі істер органдары жүйесінің дамуы мен қайта құрылуы егеменді тәуелсіз Қазақстанның тарихының бір бөлігі болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйекте Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауында алдымызға қойған жаңа ауқымды міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Біздің облыс республикада алғашқылардың бірі болып пилоттық негізде полиция қызметінің үлгісін енгізді. Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті қорғау және қылмыспен күресу бойынша басқа да шаралар атқарылуда. Бұл мақсатқа жетуге облыстық полиция департаменті қызметкерлерінің қосар үлесі зор екеніне сенімдімін. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің мерейтойын мерекелеуге байланысты біздің ұжымға Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұғымбаевтың атынан құттықтау келіп түсті. Оның жылы сөздері мен тілектері үшін алғысымызды білдіреміз. Марқұм болған қызметкерлердің аналарына және ел алдындағы конституциялық борышын өтеп, халқына абыроймен қызмет еткен ардагерлерге ерекше алғысымызды білдіреміз. Біз үшін мұны күн сайын есте сақтау маңызды, – деді ол.

Одан кейін қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін ерекше көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу туралы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстың ПД бастығының бұйрықтары жарияланды.

ҚР Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен – 1 қызметкер, ҚР Ішкі істер министрлігінің грамотасымен – 15 қызметкер, екі қызметкерге «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі берілді. Тағы екі қызметкерге бір саты жоғары атақ берілді.

Сондай-ақ облыстың ПД басшысының өкімімен 45 қызметкер облыстық ПД Құрмет грамотасымен, 42 қызметкер облыстық ПД-нің алғыс хатымен марапатталып, 25 қызметкерге алғыс хат жолданды.

2000 жылы қарулы қылмыскерлерді ұстау кезінде қаза тапқан арнайы жасақ ротасының снайпері Александр Истоминаның анасы Валентина Истомина мен қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығы болған, қылмыскерді ұстау кезінде қайтыс болған Алданыш Тайғожиннің анасы Камиляш Тайғожинаға естелік сыйлықтар табыс етілді. Ішкі істер органдарының ардагерлеріне Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің рәміздері бейнеленген қол сағаттары табыс етілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру