Қарағанды облысының полицейлеріне жаңа көліктер берілді
Қарағанды облысының полицейлеріне жаңа көліктер берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы полициясының қызметтік көлік паркі Chevrolet Cobalt маркалы 20 автокөлікпен толықты. Олар Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен сатып алынды. Жаңа көліктер құқық қорғау органының негізгі буыны саналатын патрульдік полиция бөлімшелері мен учаскелік инспекторларға арналған.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жаңа қызметтік автокөліктерді қарап, полиция департаментінің басшылығымен материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайтуды талқылады. Сатып алынған көліктер облыс бойынша таратылды. Оларды Балқаш, Приозерск, Теміртау, Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарының полицейлеріне жібереді.
Автокөліктер белгіленген стандарттарға толық сәйкес келеді, бақылау камераларымен және навигациялық жүйелермен жабдықталған. Өңірде құқықтық тәртіпті жақсарту үшін шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді. Жергілікті полиция қызметін қолдау билік тарапынан тұрақты негізде жүргізіледі. Жыл сайын жаңа жабдықтарға қаражат бөлінеді. Сондай-ақ бұл көмек әлі де жалғасады.