Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда 91 жастағы зейнеткердің пәтерін тонаған қарақшылар ұсталды

Қарағандыда 91 жастағы зейнеткердің пәтерін тонаған қарақшылар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

27 мамырда сағат 2:30 шамасында Қарағанды қаласының ПБ Теміржол полиция бөліміне белгісіз адамдар 91 жастағы зейнеткер тұрған пәтерге басып кіріп, оның барлық жинақтарын алып кеткені туралы хабарлама түсті. Қылмыстық кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу тобы іске кірісті.

Жәбірленушінің айтуынша, тонаушылар екеу болған. Олар зейнеткердің пәтеріне есік арқылы кірген, қарт адамға құлыпты ашып жабу қиындық тудырғандықтан, есіктің сабын орындыққа арқанмен байлаған. Беттерін медициналық маскалармен жапқан қаскүнемдер, қарияны қорқытып, ақша талап еткен. Зейнеткер оларға барлық жинақтарын – 449 мың теңге беріп құтылған.

Полиция қылмыстың ықтимал куәгерлерін анықтай отырып, оқиға болған жерге жақын орналасқан тұрғындар мен гараж иелерімен, сондай-ақ өтіп бара жатқан адамдармен сөйлесе жүріп, күдіктілердің ізіне түсті.Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктілерді – 26 және 27 жастағы ер адамдарды анықтап, ұстады. Күдіктілер ұрланған ақшанының біраз бөлігін жұмсап үлгерген екен.

Осы қылмыстың егжей-тегжейін анықтағаннан кейін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабы (Қарақшылық) бойынша қайта сараланды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына орналастырылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру