Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда әкімшілік құқық бұзушылық істерді рәсімдеу және сотқа жолдау кезінде туындайтын мәселелер талқыланды

Қарағандыда әкімшілік құқық бұзушылық істерді рәсімдеу және сотқа жолдау кезінде туындайтын мәселелер талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Өткен аптада Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының бастамасымен Қарағанды қаласының ПБ мәжіліс залында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл жолы құқық қорғау саласы мамандарының талқылауға түскен басты мәселесі – әкімшілік құқық бұзушылық істерді рәсімдеу және сотқа жолдау кезінде туындайтын проблемалар төңірегінде болды.

Аталған іс-шараға Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының төрағасы Амантай Абдыкамалов бастаған өкілдері, Қазбек би ауданы прокуротурасының, Қарағанды облысы бойынша жеке сот орындаушылар палатасының және Қарағанды облысы бойынша құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі департаментінің қызметкерлері шақырылған болатын. Сонымен қатар шараға Қарағанды қаласының ПБ әкімшілік полиция бөлімі, жергілікті полиция қызметі бөлімі, патрульдік полиция полкінің басшылары, аумақтық бөліністер басшыларының бірінші орынбасарлары, учаскелік полиция инспекторлары белсене қатысты.

Дөңгелек үстелді ашып берген Қарағанды қаласының ПБ бастығы Шахназар Салин бас қосудың басты мақсатын түсіндіріп, сөзді Қарағанды қаласының әкімшілік құқық бұзушылық бойынша ауданаралық мамандандырылған сотының төрағасы Амантай Абдыкамаловқа ұсынды. Ол бүгінгі күні мемлекеттік органдар арасындағы түйткіл мәселелерді ортаға салды. Ауданаралық мамандандырылған сотының судьясы Любовь Рыбалкина сотқа келіп түскен істерді рәсімдеуде жіберілетін олқылықтарға тоқталып өтті. Қарағанды қаласының ПБ әкімшілік полициясының бастығы Маурат Уахитов өз баяндамасында әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуда мемлекеттік органдар арасында өзара іс-қимыл мәселесіне басты назар аударды.

Атап айтсақ6 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1 млрд 447 млн теңгеге жуық сомаға 82910 қаулы шығарылса, қазіргі таңда оның 1 млрд 113 млн теңгесі өндіріліп алынған. Ал жеке сот орындаушыларына өткен жылы 150 млн тенгеге жуық сомаға 12 мың әкімшілік іс жолданған болса, оның 34 млн астам сомасы өндіріліп алынды. Сонымен қатар ӘПБ бастығы М.Уахитов бұл тұрғыда көптеп кездесетін кедергіні де атап көрсетті.

Мәселен, ірі көлемдегі айыппұлдарды өндіріп алу үшін ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-бөлігіне сәйкес шешім шығарған кезде айыппұл төлеушінің бұрын төленбеген қарыздары және салықтары ескерілсе деген ұсынысын енгізді.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қарағанды қаласының ПБ ЖПҚБ бастығының орынбасары Әділ Елесбаев сөз сөйлеп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша ЖПҚБ қызметкерлерімен 73 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, сотпен 14524 шешім шығарылғанын түйіндеді. Дөңгелек үстел барысында мамандар өздерінің қызмет атқару кезінде қордаланған мәселелерін ортаға салып, ұсыныстар енгізіп тәжірибе алмасты.

Іс-шара соңында Қарағанды қаласының ПБ бастығы Шахназар Салин дөңгелек үстелге келген қонақтарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осында кездесулердің болатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру