Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда мас жүргізуші ұсталды

Теміртау қаласының тұрғыны бір күн ішінде екі рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 қазан күні сағат 16.30 шамасында Бұқар жырау ауданының ауылдарының бірінде  Ғ.Мұстафин кенттік полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы “Нива” маркалы автокөлігін тоқтатқан.

Теміртау қаласының 60 жастағы тұрғыны полиция қызметкеріне аң аулауға бара жатқанын айтқан. Оның барлық құжаттары толық және талапқа сай болған.

Алайда полиция қызметкері оның аңшы мылтығын тексеру барысында оқ салатын бөлшегінде оқ – дәрінің барын анықтаған. Ал бұл өз кезегінде аң аулау ережесін өрескел бұзу болып табылатыны белгілі.

Аталған факт бойынша учаскелік полиция инспекторы оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабына (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) сәйкес хаттама толтырды.

Сол күні кешкі сағат 19.00 шамасында полиция бөлімшесіне жол-көлік оқиғасының орын алғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына келген жедел-тергеу тобы жол-көлік оқиғасын жасаған  Теміртау қаласының  жоғарыда аталған тұрғыны екенін анықтады. Ол “Нива” автокөлігімен алдымен сиырға соғып,  әрі қарай “Фольксваген Гольф” автокөлігімен түйіскен.

Автокөлік жүргізушісін медициналық тексеруден өткізу барысында оның мас екені анықталды.

Оған қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608- бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес материал жиналып, соттың қарауына жіберілді.

Сот азаматты кінәлі деп танып, 7 жылға автокөлік құралын басқару құқығынан айырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру