Қарағандыда өзгенің телефонын сұрап алып, қолды қылған адам ұсталды
Қарағандыда асханалардың бірінде келушінің телефонын сұрап алып, кейін қолды қылған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты орталық полиция бөліміне 39 жастағы ауыл тұрғыны арызбен шағымданды. Жәбірленуші облыс орталығына жұмыстарымен келген. Жұмыстарын бітірген соң ауқаттану мақсатында қаладағы асханалардың біріне кірген. Сол мезетте белгісіз біреу келіп, тез арада біреуге қоңырау шалу мақсатында телефонын сұраған.
Ештеңе сезіктенбестен жәбірленуші оған телефонын берген. Алайда алаяқ телефонмен сөйлесіп тұрған сыңай танытып, оны ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 130 мың теңгені құрады.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 26 жастағы азамат ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді. Телефон тәркіленді.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабына (Алаяқтық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.