Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облысы ПД-де онлайн қабылдау өтті

Қарағанды облыстық Полиция департаменті мен оның аумақтық бөліністерінің басшылары онлайн режимінде азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмасына сәйкес, сонымен қатар “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” концепциясы негізінде Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин орынбасарларымен және аумақтық полиция бөліністерінің басшылары “ZOOM” желісі арқылы азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді.

Қабылдауға жазылған азаматтардың басым бөлігі департамент бастығына қылмыстық істердің тергелуі, әкімшілік жауапкершілікке тартылудағы мәселелер бойынша сауалдарын қойып, облыстың бас полицейінен жауаптарын тыңдады.

Іс-шараға Қарағанды облысының тұрғыны Құрманбай Қалдыбеков департамент бастығына жоғалып кеткен жылқыларын тауып берген криминалдық полиция қызметкерлеріне алғыс айтуға келген. Айта кету керек, Құрманбай Қалдыбеков 2019 жылдың желтоқсан айында Департамент бастығының қабылдауында болып, полиция полковнигінен Қарағанды облысы Шет ауданында болған 22 бас жылқы ұрлығы қылмысына қатысты арызын білдіріп, осы істі жеке бақылауына алып, күдіктілерді тез арада ұстау бойынша өтінішін білдірген. Полиция полковнигі Ерлан Файзуллин істі жеке бақылауына алып, қажетті барлық жедел әрекеттер жасайтыны туралы өтініш иесіне сөз берген еді.

Мәселен, 3 наурыз күні Қарағанды облысы Криминалдық полиция қызмектерлерінің ұзақ уақыт бойы жасаған сауатты іс-қимылдарының арқасында Шет және Жаңаарқа аудандарында жылқы ұрлығымен айналысып жүрген қылмыстық топ құрықталған болатын. Қылмыстық топтың құрамында 30 бен 40 жас аралығындағы Жаңаарқа ауданының бірнеше тұрғыны болған. Олар төрт жыл көлемінде осындай ұрлықпен айналысқан.

– Менің Сізге алғысым шексіз. Полиция қызметкерлерімен ауқымды жұмыстар атқарылып, төккен тердің арқасында бұлтартпау айғақтары алынды. Ауыл тұрғындарына мал табыстың жалғыз көзі екенін білесіздер. Сондықтанда Сіздерге малымды тауып бергендеріңіз үшін тағыда алғыс айтамын. Қылмыскерлердің жазасын енді сот беріп, бұл іске нүкте қояды, – деді Құрманбай Қалдыбеков.

– “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” концепциясы негізінде халықтың арыз-шағымын тыңдап, олармен кері байланыс орнату біз үшін маңызды. Азаматтардан түскен әрбір арыз шағым біздермен тексеріліп, оны шешу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатын болады. Алдағы уақытта бұндай іс-шаралар айсайын өткізіледі, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру