Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда полиция қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара өтті

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қарағанды облыстық полиция департаментінің қызметкерлері қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, хайуанаттар бағында балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Аталған шараға облыстың бас сақшысы Санжар Әділов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады.

– Барша балаларды мерекемен құттықтаймын. Бүлдіршіндерімізге зор денсаулық, үлкен жетістіктер тілеймін. Еліміздің нағыз патриоты болып өсулеріңізге тілектеспін, – деді полиция генерал-майоры.

Сонымен қатар мерекеге орай балалар арасында өткізілген “Менің әкем полицей” атты сурет байқауының қорытындысы шығарылды. Жалпы байқауға 100-ге жуық баладан сурет келіп түскен. Байқау жеңімпаздарын департамент бастығы марапаттады.

Мерекелік іс-шараға жиналған қонақтарға кадет сыныбының оқушылары домырамен күй орындаса, №21 орта мектептің бүлдіршіндері домбыра биін биледі.

Балалардың есінде қалатын ең қызықты сәт ортаға жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлерінің шығуы болды. Беттеріне бетперде таққан тәртіп сақшылары қоян-қолтық ұрыс пен қылмыскерді құрықтау кезінде қолданатын арнайы тәсілдерін көрсетті. Көрнекі жаттығулар соңында жауынгерлер көк туымызды көкке көтеріп, балалардың қошеметіне бөленді.

Түске дейін жалғасқан мерекелік шара барысында балалар тәртіп сақшыларымен фотосуретке түсіп, хайуанаттар бағын емін-еркін аралады. Шара соңында оларға балмұздақтар таратылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру