Қарағандыда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ғазиз Байтасовты еске алу рәсімі өтті
Қарағандыда қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан Ғазиз Байтасовты еске алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қарашада Қарағанды облысының ПД және аумақтық бөліністерінің қызметкерлері жұмыс күнін бір минут үнсіздікпен бастады. Тәртіп сақшылары «Халық қаһарманы» полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың рухына тағзым етіп, қаза тапқан қызметкерлердің мемориалына гүл шоқтарын қою рәсімі өткізді.
– Полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың ерлігі – патриотизмнің, Қазақстан халқына аянбай қызмет етудің жарқын үлгісі. Оның есімі біздің жадымызда мәңгі сақталады, – деді Қарағанды облысының ПД бастығының орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
2011 жылдың 12 қарашасында Жамбыл облысы ІІД жол полициясы жеке батальонының взвод командирі полиция капитаны Ғ.Байтасов Тараз қаласының орталығында оқ атқан лаңкестің ізіне түскен. Полиция қызметкері алған оқ жарақатына қарамастан, адам көп жиналатын жерде өзін-өзі жарып жібермек болған қылмыскерге жетіп, гранатаны кеудесімен жауып үлгерді. Осылайша, азаматтарды ажалдан аман алып қалды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше қызметі, қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Ғазиз Байтасовқа қайтыс болғаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.