Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандыда "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында өткен рейд барысында 100-ден астам пәтер тексерілді

Қарағанды облысы полиция департаментінде "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру мақсатында ауқымды рейдтік іс-шара ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Шараға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, прокуратура қызметкерлері және белсенді жастар қатысып, полиция есебінде тұрған тұлғалар мен қолайсыз отбасылардың тұрмыс-тіршілігін зерделеді.

Іс-шара департаменттің саптық алаңында өткен жалпы саптық жиыннан басталды. Жиында департамент бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров рейдтің маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға нақты міндеттер жүктеді.

– Биыл профилактикалық жұмыстарға қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу ісіне мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды кеңінен тарту көзделді. Бүгінгі бірлескен рейд – осы талаптарды жүзеге асырудың нақты көрінісі. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады, – деді Жасқайрат Қайыров.

Рейдке қатысушылар 20 топқа бөлініп, Қарағанды қаласының Қазыбек би және Әлихан Бөкейханов аудандары аумағында тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 100-ден астам пәтер қамтылды. Тексеру барысында азаматтардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына ерекше назар аударылып, қажетті көмектер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Әлихан Бөкейханов ауданында рейд барысында кәмелетке толмаған балалардың үйде қараусыз қалғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері балалардың анасын анықтап, онымен профилактикалық әңгіме өткізді. Белгілі болғандай, әйел жеке шаруасымен шығып кеткен. Оған заң талаптары түсіндіріліп, тиісті ескерту жасалды.

Рейд құрамында болған қалалық мәслихат депутаты Равиль Садықов аталған отбасын жеке бақылауына алып, балаларды балабақшаға орналастыру мәселесін шешуге қолдау көрсететінін жеткізді.

Жалпы, іс-шара профилактикалық жұмыстарды күшейтуге, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларды анықтауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталды. Осындай бірлескен рейдтер алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру