Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық полицейлер ұрланған телефонды ломбардқа өткізіп тұрған адамды ұстады

Қарағандылық полицейлер ұрланған телефонды ломбардқа өткізіп тұрған адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Таңғы сағат 07.00 шамасында Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Михайлов полиция бөліміне қаладағы Сапаржайдың бірінде ұрлық болғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орынына бірден ұрлық болған жерге жақын маңындағы қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция жасағы жіберілді.

44 жастағы жәбірленуші полиция қызметкерлеріне автобусқа билет алып тұрғанда ұялы телефонын жанына қойып қойғанын, кейін оны белгісіз біреудің қолды қылғанын айтқан. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құраған.

Сапаржайдағы бейнебақылау камераларының жазбаларын қараған полиция қызметкерлері жәбірленушінің қасында тұрған азаматты байқаған. Арада біржарым сағат өткенде патрульдік полиция жасағы Нүркен Әбдіров даңғылының бойында қызмет өткеру кезінде бейнебақылау камераларының жазбасынан көрген адамның ломбардқа кіріп бара жатқанын байқаған. Бірден жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері 31 жастағы күдіктінің ұрланған ұялы телефонды ломбардқа өткізіп тұрған жерінен қолға түсірді.

Айғақ зат тәркіленіп, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру