Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық «сатушы» Петропавл қаласының тұрғынын алдап кетті

Қарағандылық «сатушы» Петропавл қаласының тұрғынын алдап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Маусым айының соңында Петропавл тұрғыны әйелдер киімі туралы хабарландырулар жарияланған Instagram әлеуметтік желісіндегі топтан – «интернет-дүкеннен» екі көйлек пен костюмге тапсырыс берген. Жәбірленуші тауардың толық құнын – 98 мың теңгені аударып жіберген. Осыдан кейін «сатушы» тапсырыстың жақын арада жеткізілетіні туралы уәде беріп, байланысқа шықпай қойған.

12 шілде күні алданған әйел Петропавл қалалық Полиция басқармасына жүгінген. Аталған факті сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі  (Алаяқтық) бойынша енгізілді. Петропавлдық жедел уәкілдер Қарағанды қаласының 32 жастағы тұрғынының қылмысқа қатысын анықтады.

– Күдікті Instagram-дағы аталған топтың әкімшісі. Оны қарағандылық әріптестер ұстады. Оларға аталған факті бойынша материалдар жіберіледі. Оның алаяқтық әрекеті тек Петропавлда ғана жасалмаған, Қазақстан бойынша тағы да бірқатар эпизодтар бар. Баршаңызды интернетте тауар сатып алған кезде сақ болуға, алдын ала төлемге келіспеуге шақырамыз. Сатушылармен бейне қоңырау арқылы сөйлескен жөн – тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда интернет-алаяқтар бұлай сөйлесуден бас тартады, – деді Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру