Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысының ПД бастығы өңірдегі криминогендік жағдай туралы айтып берді

Қостанай облысы ПД бастығы Ерлан Файзуллин халық алдында полицияның жұмысы туралы есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы өткен жылғы өңірдегі криминогендік жағдай туралы халықты хабардар етті.

– Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, бөтеннің мүлкін ұрлау, мал ұрлау, автокөлік құралдарын ұрлау және бұзақылық саны азайды, – дейді Ерлан Файзуллин өз баяндамасында.

Департамент бастығы ешкімді бей-жай қалдырмайтын тақырып – отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа да баса назар аударды.

– Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалған құқық бұзушылықтар саны 38%-ға қысқарды. Полицияға отбасылық жанжалдар туралы 5000-ға жуық хабарлама келіп түсті. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған жанжалқойлар саны 29%-ға өсті. 7892 адамға қатысты қорғау ұйғарымдары шығарылды, – деді ПД бастығы.

Облыстың бас полицейі Cyber Pol бөлімшесінің жұмысына тоқталды. Халыққа киберқауіпсіздік пен кибергигиенаның маңыздылығы туралы тағы да ескертті.

Ерлан Файзуллиннің айтуынша көп жағдайда алаяқтар абоненттік нөмірлерді ауыстыру қызметтерін пайдаланады. ІІМ бастамасы бойынша байланыс операторлары бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату арқылы, ауыстырылатын нөмірлерді бұғаттайды. 30 қылмыстық іс бойынша дроппер деп аталатын алаяқтарға өздерінің банктік карталарын сатқан адамдардан азаматтық тәртіпте 40 миллион теңгеден астам қаражат өндірілді. Облыс бойынша барлығы 197 дроппер анықталған.

ПД бастығы өткен жылы облыста полиция 430 келіден астам есірткі, оның ішінде 117 грамм героин, 10 келіден астам “синтетика” тәркілегенін хабарлады. Жалпы алғанда, бұл тыйым салынған заттардың шамамен – 40 мың дозасы. Олардың құны қара нарықта орта есеппен 400 миллион теңгені құрайды.

– Есірткіні сатудың байланыссыз тәсілдерін қолдану уақыт талабына айналды. 2023 жылы зиянды мазмұны бар 328 сайт пен сілтеме анықталды. Олардың барлығы кибербақылау жүйесі арқылы белгілі болды. Синтетикалық заттарды таратқан 11 интернет дүкен анықталды, – деп атап өтті ПД бастығы.

Сондай-ақ Ерлан Файзуллин жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды.

– 79,8% жағдайда автокөлік жүргізушілері ЖКО-ға себеп болады. Олардың кінәсінен 361 ЖКО тіркеліп, 52 адам қаза болды және 483 адам жараланды. 1545 жүргізуші тұтқындалды және 1673 жүргізуші куәлігінен айырылды. Көлік құралын басқару құқығынан айырылған 103 жүргізуші қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 

ПД бастығы автоматты жүйелер арқылы 636 миллион теңгеге жуық 67 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелгенін баса назар аудартты.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысы құқықтық тәртіп және қылмысқа мүлдем төзбеушілікті қамтамасыз ету қағидаттарына назар аударып жатыр.

– Қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің ортақ міндетіміз. Біз кез келген заң бұзушылықтар туралы сигналдарды күтеміз. Сіздерді қоғамдық тәртіпті бұзуға, соның ішінде вандализм мен бұзақылық әрекеттерге төзбеуге шақырамын. Егер оқиғаға куәгер болсаңыз, дереу “102” нөміріне немесе “102” мобильді қосымшасына хабарласуыңызды сұраймыз, – деп ПД бастығы сөзін түйіндеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру