Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қостанай облысы ЖҚАЖ қызметкері аударыспақтан республикалық чемпионатта жүлделі орынға ие болды

Қостанай облысы ПД ЖҚАЖ қызметкері аударыспақ ұлттық ойынынан республикалық чемпионатта жүлделі орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбеде аударыспақтан ересектер арасындағы жиырма екінші Қазақстан чемпионаты аяқталды. Онда еліміздің 16 облысынан екі жүзден астам қатысушы бас жүлдеге таласты. Атқа мінген шабандоздар тоғыз салмақ дәрежесінде бақ сынасты.

Аударыспақ-ұлттық ат спорты түрі бүгінде жанданып, тез танылып келе жатыр. Бұл спорттық сипаттағы ең әсерлі халық ойындарының бірі. Жарысқа екі адам қатысады. Жеңістің ең маңызды шарты-қарсыласыңды аттан құлату.

Қостанай облысының жедел қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы Бақдәулет Асанов 80 келі салмақ дәрежесінде 22 қатысушы арасында үшінші орынды иеленді. Бес жекпе-жектің төртеуінде жеңіске жеткен Бақдәулет Жамбыл облысының Тараз қаласынан келген шабандозды жеңді.

– Аударыспақ тек күрес дағдыларын ғана емес, ер-тоқымда мықтап ұстау қабілетін де дамытады. Ұлттық ойындар күш, ептілік пен төзімділікті үйретеді. Біз бұл мұраны сақтап, келешек ұрпаққа беруіміз керек, – дейді жүлдегер Бақдәулет Асанов.

Іс-шара соңында ЖҚАЖ аға инспекторы Бакдаулет Асанов дипломмен және қола медальмен марапатталды.

Аударыспақ бойынша алдағы жарыстар Алматы қаласында өтеді. Онда ұлттық ат спорты түрлері бойынша Азия чемпионатына іріктеу болады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру