Қостанай облысында полиция велоспортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Қостанай облысында полиция велоспортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанайда тас жолдағы велоспорттан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтуде. Спортшылар әр секунд үшін бақ сынап жатқанда, полиция қызметкерлері жарысқа қатысушылар мен жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде.
6–12 шілде аралығында қоғамдық тәртіп пен жарыс бағытының қауіпсіздігін патрульдік полиция ротасының 40 қызметкері және 7 патрульдік экипаж қамтамасыз етеді.
Құрметті жүргізушілер! Егер бағытыңыз жарыс өтетін жолдарға жақын болса, сіздерден: жол қозғалысы қағидаларын сақтауды; полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындауды; қозғалысқа енгізілген уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауды сұраймыз.
Қауіпсіздік – баршамызға ортақ жауапкершілік. Спортшыларға сәтті жарыс, ал жол қозғалысының барлық қатысушыларына қауіпсіз жол тілейміз!
