Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ҚР-ның Сенаты Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заң жобасын қабылдады

Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы аясында қанша адам босатылатыны туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Заң жобасының мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.

– Рақымшылық – ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, 1-ші және 2-ші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Заң жобасы – мемлекеттік орган өкілдерімен, қоғам қайраткерлерімен және сарапшылармен талқыланды. Ғылыми құқықтық сараптамалар жасалды, – деді спикер.

Сондай-ақ, Ішкі істер министрінің айтуынша, елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. Одан бөлек, 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр, ал 45%-ы бірнеше рет оның алдында сотталғандар. Сонымен қатар, 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр.

– Жоба бойынша 2 292 сотталушыға, 11 753 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Біріншіден, 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады, 3 881 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1 330 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1 674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1 471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады, – деп атап өтті Тұрғымбаев.

Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған. Заңды қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ қосымша қаражат талап етпейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру