Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызмет пен спортты қатар ұштастырған полицей

Бозкілемде белдесіп, бәйгеде тұлпар баптап, қызметте ел тыныштығын күзетіп жүрген полиция қызметкері Қайрат Шарипов – кәсібін спортпен, ұлттық құндылықтарды азаматтық ұстаныммен ұштастырған жан-жақты тәртіп сақшысы. Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің арнайы және кәсіби даярлық басқармасында қызмет ететін ол спорттағы жетістігімен де, атбегілік өнерге деген адалдығымен де кейінгі буынға үлгі болып келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақ халқында “Жігітке жеті өнер де аз” деген тағылымды сөз бар. Бұл – ер азаматтың бір ғана қырмен шектелмей, бірнеше өнерді меңгеріп, елге пайдасын тигізуі керек деген ұғымды білдіреді. Бүгінгі кейіпкеріміз – Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті арнайы және кәсіби даярлық басқармасының инспекторы Қайрат Шарипов.

Ол – погон таққан тәртіп сақшысы ғана емес, спортта да, ұлттық өнерде де ел мерейін асырып жүрген сегіз қырлы, бір сырлы азамат.

Қайраттың спорттағы жетістіктері – жылдар бойғы табанды еңбектің, үздіксіз жаттығу мен берік тәртіптің жемісі. Ол дзюдо, самбо және қазақ күресінен спорт шеберлігіне үміткер. Бозкілемде талай мықты спортшымен белдесіп, өзінің шеберлігі мен жігерін талай мәрте дәлелдеген. Самбо, жауынгерлік самбо және қазақ күресінен Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері атанған. Сонымен қатар самбодан шеберлер арасында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанған.

Әрбір жеңістің артында тынымсыз еңбек, темірдей тәртіп пен талай жылғы дайындық жатыр. Спорт Қайратқа тек физикалық шынығу ғана емес, қиындыққа мойымай, кез келген сәтте дұрыс шешім қабылдай білу қасиетін де қалыптастырған.

Қайраттың тағы бір ерекше қыры – ат спортына деген сүйіспеншілігі. Ол бала күнінен ұлттық рухты бойына сіңіріп, көкпарға қатысып өскен. Тұлпар баптаудың қыр-сырын ағасынан үйренген ол бүгінде өзі де жүйрік аттарды баптап, бәйгеге қосып жүр.

Қайраттың Құралай, Асылай және Күмісай атты сәйгүліктері талай дүбірлі додада топ жарып, мәреге бірінші болып жеткен. Ол үшін тұлпар баптау – жай ғана хобби емес, атадан балаға жалғасқан ұлттық дәстүрді дәріптеп, қазақтың атбегілік өнерін ұлықтаудың бір жолы.

Спорттағы кәсіби шеберлігі мен өмірлік тәжірибесі Қайратқа полиция қатарындағы күнделікті қызметінде де үлкен септігін тигізуде. Арнайы және кәсіби даярлық басқармасында ол жеке құрамның жауынгерлік-қызметтік даярлығын жетілдіруге атсалысып, тәртіп сақшыларына құқық бұзушыларды құрықтау тәсілдерін, өзін-өзі қорғау әдістерін және күрделі жағдайда дұрыс шешім қабылдауды үйретеді.

Сапта тұрған жас қызметкерлер үшін Қайраттың спорттағы жетістіктері – үлкен өнеге. Оның бойындағы тәртіп, табандылық, батылдық пен жауапкершілік жас мамандарға кәсіби тұрғыдан шыңдалуға жол көрсетеді.

- Көкпар маған шапшаңдықты үйретті, бозкілем сабыр мен мінез қалыптастырды, ал полициядағы қызмет Отанға адал қызмет етудің жауапкершілігін сезіндірді, – дейді тәртіп сақшысы.

Бозкілемде батылдығымен танылған, бәйгеде тұлпары озған, ал қызметте темірдей тәртіпті ту еткен Қайрат Шарипов – кәсібін спортпен, ұлттық құндылықты азаматтық ұстаныммен ұштастыра білген полиция қызметкері.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру