Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ПД бастығы ерлікпен қаза тапқан батыр полицейдің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды

Қызылорда облыстық ПД бастығы Махсудхан Аблазимов қызмет бабында қаза тапқан батыр полиция қызметкері Талғат Қозыбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елімізде қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшыларының саны аз емес. Олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. 25 жасында ерлік көрсетіп, бейбіт күннің батыры атанған азаматтың бірі – Қызылорда облысы Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің бұрынғы учаскелік полиция инспекторы, полиция лейтенанты Талғат Қозыбаев. Қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшысы бұған дейін Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІ дәрежелі жауынгерлік “Айбын” орденімен марапатталды. Сондай-ақ қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Талғат Қозыбаевтың есімі Сырдария ауданының Мәлібаев ауылындағы көшелердің біріне берілді. Ол оқыған №131 орта мектебінің ауласында ескерткіш орнатылып, мектепке аты берілді.

Полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимов Сырдария ауданындағы жұмыс сапары барысында бейбіт өмірде өз өмірін қиып, ел азаматын қорғап қалған, елінің қаhарманы Қозыбаевтың мектеп алдындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Талғат Қозыбаевқа арналған “Ерлік бұрышымен” танысты.

Сонан соң облыстық ПД бастығы Талғаттың шаңырағына ат басын бұрды. Талғаттың ата-анасына жылы лебізі мен шексіз алғысын білдірді. Бүгінде отбасының ақылшысы, батагөйі әрі қамқоршысы Есентай шөбересін бағып отыр. Немересі Алмат Сырдария аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі болып абыройлы қызмет атқарып келеді.

Осылайша, қызметіне адал, антына берік, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында мерт болған қайсар тәртіп сақшысы Талғат Қозыбаевтың ерлігіне тағзым жасалды. Өз өмірін бейбіт халықтың тыныштығы жолында құрбан еткен полицейдің қайсарлығы, батылдығы, ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі болмақ.

– Адамзаттың өмірін аман сақтаймын деп, антына берік, еліне адал қызмет ету барысында өзгенің өмірі үшін жанын қиған қызметкерлердің ерлігі мен батырлығы ел есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі полицейлер үшін оның ерлігі патриотизм мен жанқиярлықтың үлгісі деді, –  Махсудхан Аблазимов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру