Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ПД бастығы халық алдында есеп берді

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан халық алдында есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Есептік кездесу Полиция департаментінің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында тікелей эфирде өтті.

Аталмыш онлайн кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығын іске асыру барысында қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, халықтың елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы хабардар болуын арттыру, атқарушы органдардың халық алдындағы жауаптылығы мен есептілігін күшейту, мемлекеттік басқару процесіне халықты кеңінен тарту мақсатында өтті.

Есептік кездесудің өтуі жөнінде әлеуметтік желілерде және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында алдын ала арнайы хабарландыру жарияланған болатын. Бұл хабарландыруға сәйкес, облыс және қала тұрғындары өз сауалдарын электрондық пошта, әлеуметтік желілер арқылы жолдауларына мүмкіндік алды.

Онлайн конференцияға барлық басқарма, бөлім басшылары қатысып, салаларына тиісті сұрақтарға жауап берді. Одан бөлек барлық аудандық полиция бөлімдері онлайн конференция арқылы байланыста болды. Халық алдында есеп беру кездесуін Бектөре Сұлтан ашып, қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып, өткен жылды қорытындылады.

– Полиция департаментінің қызметкерлерімен жыл бойы атқарылған шаралардың нәтижесінде, өңірімізде қылмыстық ахуал тұрақты, қылмыс саны төмендеді. 10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 89 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 41-ді құрап, ахуалы тұрақты аймақтың біріміз, – деді Бектөре Сұлтан.

Есеп беру барысында департамент бастығы Б. Сұлтан соңғы уақытта алаяқтық фактілерінің көбейгендігін айтты. Есепті мерзімде 676 қылмыс тіркелген. Олардың басым бөлігі пәтер, жер учаскесін алу, жұмысқа орналастырумен байланысты. Интернет-алаяқтық жағдайлары да көбейді. Осы санаттағы қылмыстардың көбейгендігін айта отырып, Бектөре Жеңісбайұлы облыс тұрғындарын сақтық шараларға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Сондай-ақ, полиция жұмысын жақсарту үшін жол картасы шеңберінде жүргізіліп жатқан ауқымды іс-шаралар туралы айтылды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын іске асыру мәселелері бойынша өткен жылы 300-ге жуық азамат қабылдауда болды.

Бүгінгі онлайн режимде өткен департамент бастығының халық алдында есеп беру кездесуі тек атқарылған жұмысқа есеп беру ғана емес, облыс тұрғындарымен сындарлы диалог құру үшін өткізілді. Халықтың мұң – мұқтажын тыңдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел және сапалы қарау мәселесі полиция қызметіндегі маңызды бағыт екендігі белгілі.

Бүгінгі тікелей эфир бір сағат көлемінде өткізілді. Сол уақыттың ішінде эфирге 1000-ға жуық желі қолданушылары қатысып, департаментке жалпы 80-ге жуық пікірлер мен ұсыныстар келіп түсті. Тұрғындардың бірі белгілі бір аймақтарда жылдамдық өлшеуіш құрылғыларын орнату, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу, зейнеткерлікке шығу тәртібі және жекелеген қылмыстық істер бойынша мәлімет алғысы келсе, енді бірі полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ел тыныштығын қорғау жолындағы қиын да жауапты қызметтеріне сәттілік тіледі.

Бектөре Сұлтан тікелей эфир барысында тұрғындардан түскен сұрақтар мен ұсыныстарды мұқият тыңдап, зерделеп, арнайы құрылған топқа тапсырма берді. Барлық өтініштер Полиция департаменті бастығының қатаң бақылауына алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру