Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы ресейлік әріптестерімен кездесті

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Байқоңыр қаласына қызметтік іссапары барысында ресейлік әріптестерімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан қызметтік іссапармен Байқоңыр қаласына барды.

Іссапар барысында Бектөре Жеңісбайұлы ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің жеке құрамының қатысуымен жедел кеңес өткізді. Кеңес барысында ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің бастығы Алтынбек Ахметовтің есебі тыңдалып, қоғамдық тәртіпті және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу шараларын күшейту тапсырылды.

Бұған қоса, коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген полиция қызметкерлеріне қатысты сақтық шараларын күшейту мәселесі қозғалды.

Сонымен қатар, іссапар барысында Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин  Бусыгинмен және “Байқоңыр” кешеніндегі Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің басқарма бастығы Алексей Кузьминмен кездесті.

Кездесу аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қызылорда облысы Полиция департаментінің және “Байқоңыр” кешеніндегі Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің басқармасы арасындағы қылмысқа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен жоспарын әзірлеу және бекіту аясында өткізілді.

– Біздің аймақта қылмыстың алдын алып, оны болдырмау бағытында ортақ күш-жігерді біріктіру маңызды. Себебі, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету – қоғамдық тұрақтылықтың негізгі кепілі, – деп атап өтті Бектөре Жеңісбайұлы.

Жұмыс кездесуі барысында қатысушылар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әзірленген жоспарды талқылап, бірлескен бағдарламаны іске асыру, өзара іс-қимыл тактикасын жетілдіру мәселесіне тоқталды.

Кездесу соңында ведомство басшылары бірлескен жоспарға қол қойды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру