Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысы ҚАЖД мекемесінің кітапханасы 60 кітаппен толықты

Қызылорда облысы ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінің кітапханасы 60 жаңа кітаппен толықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Мекемеде  300-ден астам жазасын өтеушіні кітаппен қамтып отырған кітапхана жұмыс жасайды. Дегенмен, осыған дейін қазақ тіліндегі әдеби шығармалар жиынтығы тапшы болатын. Жақында осы олқылықтың орны толтырылды. Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкерлері оқырмандар сұранысына сай мекеме кітапханасына 60-қа жуық түрлі ақын-жазушылардың шығармаларын тарту етті.

– Жазасын өтеушілер мекемеде қалаған мамандығы бойынша білім алады. Сәйкесінше білімдерін тереңдету мақсатында бірнеше әдебиетке сүйенеді. Өз қалаулары бойынша да түрлі ақын-жазушылардың шығармашылығын оқиды. Мысалы, жақында сотталғандардың бірі ас мәзірі жиынтығын сұрады. Мекеме мен облыстық кітапхана қызметкердерінің біріккен жұмысы нәтижесінде жазасын өтеушілердің сұранысына ие кітаптар мекеме кітапханасының сөрелерінен табылды. Жаза басып жаңылса да, кітапқа құштар оқырманның бары көңіл қуантады, – дейді мекеменің тәрбие бөлімінің бастығы М. Әбдімажит.

А. есімді сотталған мекеменің өндірістік аймағында аспаз болып жұмыс жасайды. Жаза мерзімін тағдырластарына ас әзірлеумен өткізіп жатқан ол түрлі тағамдардың жасалу тәсілін білу үшін мекеме кітапханасына жиі барады.

– Бостандықта жүргенде қаладағы қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс жасадым. Бастапқыда тамақтың түрлері мен жасалу тәсілдерін кітаптан қарап жүретінмін. Қолымнан тағам даярлау келгендіктен, мекеме асханасына жұмысқа орналастым. Бұл жақта бекітілген ас мәзірі бойынша тағам дайындаймыз. Әрине бостандықта жүріп даярлаған ас мәзірі мүлде бөлек. Темір тордың арғы жағына шығатын күн де алыс емес. Сонықтан кітапханадан ас әзірлеуге қатысты түрлі кітаптарды алып оқимын. Бүгінде жаңа кітап келгенін естіп, өзіме қажеттіні оқуға келдім, – дейді сотталған азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру