Қызылорда облысында есептегі 275 сотталған жұмыспен қамтылған
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеуші жұмыспен қамтылған сотталғандардың саны 275-ке жеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оның ішінде “Арғымақ” жеке кәсіпкерлігі 40-тан астам сотталғанды жұмыспен қамтыды. Олар ағаштан астау табақтар жасаумен айналысады. Мекемеде жазасын өтеуші сотталғандарды барынша жұмыспен қамтамасыз ету және сотталғандардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында жергілікті шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сотталғандар айлық жалақыларынан сот үкімімен белгіленген мемлекет шығындарын өтеуде. Бұл дегеніміз, сотталушылардың қайта тәрбиеленіп, бостандыққа шыққаннан кейін Қазақстан Республикасының толыққанды жеке тұлғасы болып қалыптасуына оң ықпалын тигізері сөзсіз.
Мекеме қызметкерлері 23 мамырда №60 мекемесінің өндірістік аймағында жеке кәсіпкерлерге ашық есік күнін өткізуді жоспарлап отыр.