Дүкендегі желдеткіштің бөлшегін сатып жіберген астаналық ұсталды
Астана қаласының полицейлері дүкендегі кондиционердің қосалқы бөлшегін кесіп алып, металл жинау орталығына тапсырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғыны дүкеннің бірінші қабатында орнатылған желдеткіштің блогі жоғалғаны туралы полицияға арызданған.
Жедел іздестіру шаралары барысында аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлыққа қатысы бар 59 жастағы қала тұрғынын күдікті деп тапқан.
Тергеу барысында қаскүнем түнгі уақытта бөгде адамдардың жоқтығын пайдаланып, блок бекітілген кабельді кесіп, мүлікті иемденгені анықталды. Ол ұрланған заттарды металл қабылдау пунктіне сатып, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап үлгерген.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.
Астана қаласы полиция департаменті азаматтарды қырағы болуды ескертеді. Сізге қарсы заңсыз әрекеттер жасалса, дереу полицияға қоңырау шалыңыз.