Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында республикалық акцияның қорытынды іс-шарасы өткізілді

Қызылорда облысында республикалық акцияның қорытынды іс-шарасы өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласының орталық алаңында “Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан” республикалық акциясының қорытынды іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру және халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру.

Мерекелік шараның ашылуында акция барысында белсенділік танытып, профилактикалық жұмыстарға үлес қосқан отбасыны қолдау орталықтарының мамандары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, білім беру ұйымдарының мұғалімдері мен студенттері Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының алғыс хатымен марапатталды.

Шара барысында өнерпаздардың ән-билері көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, арнайы жасақ қызметкерлері өздерінің жауынгерлік және тактикалық дайындықтарын көрсететін арнайы көрініс ұсынды.

Сонымен қатар іс-шараға қатысушыларға отбасы құндылықтарын насихаттауға және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Акцияның қорытындысы жастардың қатысуымен өткен әсерлі флешмобқа ұласып, қатысушылар “Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ!” ұранын көтеріп, қоғамды бейбітшілікке, өзара сыйластық пен жауапкершілікке үндеді.

Аталған қорытынды іс-шара Қызылорда облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен ұйымдастырылып, мемлекеттік органдар, отбасыны қолдау орталықтары, үкіметтік емес ұйымдар, білім беру ұйымдары және қоғам белсенділерінің қатысуымен өткізілді. Іс-шара қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және құқықтық мәдениетті қалыптастыруға өз үлесін қосты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру