Қызылорда облысында сотталғандарға психологиялық тренинг өткізілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеушілердің қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатында "Жігер" қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен "Жаңа өмірге қадам: Өзгеру және қоғамға бейімделу" тақырыбында психологиялық тренинг өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – сотталғандардың өз-өзіне деген сенімін нығайту, эмоцияларын басқару қабілетін дамыту, жауапкершілік сезімін қалыптастыру және бостандыққа шыққаннан кейін жаңа өмірге дайын болуына психологиялық қолдау көрсету.
Тренинг барысында жазасын өтеушілер өмірлік құндылықтар, жеке даму, күйзелісті еңсеру, дұрыс шешім қабылдау және қоғамда өз орнын табу мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар сенімді қарым-қатынас орнатуға, ішкі жан дүниені тануға және болашаққа нақты мақсат қоюға бағытталған психологиялық жаттығулар өткізілді.
Кездесу барысында мамандар әрбір адамның өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндігі бар екенін атап өтіп, қоғамға қайта бейімделуде адал еңбек пен заңға құрметтің маңызын түсіндірді.
Шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға алғыстарын білдіріп, осындай кездесулердің өздеріне үлкен мотивация беретінін жеткізді.
- Осындай кездесулер бізге өз қателігімізді саралап, болашаққа жаңаша көзқараспен қарауға көмектеседі. Бостандыққа шыққаннан кейін адал еңбек етіп, қоғамның толыққанды мүшесі болуға ниеттімін, – деді сотталған азамат.
